Шығыстың бас шаһарындағы ұрлық саны өткен жылмен салыстырғанда біршама артып отыр. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, автопатрульдеу әдісіне көшу мен көліктерді себепсіз тоқтатуға жасалған тыйым оған басты себеп болыпты, деп хабарлайды газет тілшісі Yk-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Жуықта Өскемен қаласының қоғамдық Кеңес мүшелері ұйымдастырған отырыс барысында полиция қызметкерлері үрей туғызар біршама мәліметтерді алға тартты. Олардың сөзіне сенсек, жыл басынан бері облыс орталығындағы ұрлық күрт өскен.
– Соңғы екі айдың ішінде Өскемендегі ұрлық 10%-ға артты. Жалпы қала бойынша осындай 281 жайт тіркелген. Ал былтырғы жылдың осы мерзіміндегі көрсеткішке сәйкес 256 ұрлық орын алған болатын. Өкінішке орай, ұрыларды ұстау 42%-ға төмендеп отыр. Айта кететін жайт, коғамдық көліктердегі ұрлық 60-тан 71-ге асыпты. Ал оларды анықтау шаралары 4 есеге төмендеген, – дейді ШҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Талғат Нұриев.
Оның айтуынша, 2017 жылдың қайтар айында бекітілген полиция реформалары осыған себеп болыпты. Көліктерді себепсіз тоқтатуға салынған тыйым ұрыларды дер кезінде анықтауға кедергі келтірген көрінеді. Осы ретте, қылмыстың алдын алу үшін құқыққорғау қызметкерлері тұрғындарға ескерту жасау шараларын қолға алуда. Сонымен қатар, көшелердегі, ойын-сауық алаңдары мен білім мекемелеріндегі жаяу патрульдеушілердің санын біршама арттырды.
Асқар ТҰМАРБЕК