Өскеменде ұры бір күнде бір ауладан бірнеше көлікті қатарынан тонап кеткен

377
көрілім

Өскеменде ұры бір күнде бір ауладан бірнеше көлікті тонап кеткен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өскемен қаласы Полиция басқармасының «102» арнасына бір күнде бірнеше адам хабарласып, аулаларында тұрған көліктерінің тоналғанын айтып шағымданған. Барлық дерек бойынша қылмыстық әрекет бір тәсілмен, яғни көлік құралының терезесін сындыру немесе кілт таңдап ашу арқылы жүзеге асырылған. Қоңырауларды қабылдағаннан кейін Өскемен қалалық полиция басқармасының Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері дереу ізге түсіп, сол күні тағы бір жымысқы әрекетін іске асырмақ болған ұрыны қолға түсірді.

Беспалов көшесіндегі бір үйдің ауласында тұрған шетелдік автокөліктің оң жақ әйнегін сындырып, ішіндегі мүлікті тонамақ болған қарақшы тәртіп сақшылары ұстап алды.

- Тексеру барысында 38 жасар күдіктінің бұрын да істі болғаны анықталып, тергеу аясында сол күні жасалған барлық ұрлық істері айғақталады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына тоғытылып, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті, - деді Өскемен қаласы Полиция басқармасы Үлбі полиция бөлімі бастығының орынбасары Рауан Байсейітов.

Бейбіт күнде қарапайым қала тұрғындарына шығын келтірген қарақшы осылай қолға түсіп, алдағы уақытта заң алдында жауап береді.