Өскеменде үш бәйтерекке арналған әдеби кеш өтті

481
көрілім

Шығыс Қазақстан өнер музейінде қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі атанған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай «Өмірі өнеге үш бәйтерек» атты әдеби сазды кеш өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

– Бүгінгі шараның жастарға берер тәрбиесі мол. Себебі бүгінгі ұрпақ кешегі солақай саясаттың құрбаны болған үш бәйтеректің шығармашылығына терең бойлап, рухани қайнарынан сусындап қайтты. Біз осындай ұлт зиялыларын үнемі дәріптеуіміз керек. Олар біздің әдебиетіміздің алтын қазығы, – дейді шара ұйымдастырушысы Қарлығаш Сауранқызы.

Шара барысында жастар үш бәйтеректің шығармашылығынан үзінді оқып, ән салып, би биледі. Жас ақындар әдебиет майталмандарына өлең арнады.

Олар ұлт үшін, ұрпақ үшін өздерін құрбандықтың қара лағына байлады. Қазақ даласында зерттелмеген ақын-жазушылар жетерлік. Кеңестік жүйе біздің сүт бетіне шыққан қаймағымызды қалқып, қара суын ғана қалдырды. Десе де, артына өшпес із қалдырған қаламгерлеріміздің шығармашылығын ұлықтап, ұлағатты ұрпақтың санасына дән қылып сепсек өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілер еді.