Өскеменде үш серіктестік құны 968 млн теңгелік меморандумға қол қойды

461
көрілім

Облыс орталығындағы Кәсіпкерлер палатасында өткен жиында «Казцинк» компаниясының қызметкерлері өткен жылдың жұмысын қорытындылап, бірқатар кәсіпкерлер 2020 жылға құрған жоспарларын ортаға салды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдымен алпауыт компанияның даму және жарнамалық сараптама қызметінің басшысы Татьяна Иванова қатысушыларды тендерге қатысуда сақтық танытып, заңнамалық талаптарды орындауда қырағы болуға шақырды. Айтуынша, олқылықтар салдарынан аталмыш компания келісімшарт жасасасатын сенімді серіктестерінен айырылып қалуда.

Ал компанияның жетекші маманы Станислав Курносенко «Казцинк» қарамағында 20 мыңнан астам жұмысшы бар екенін айта келе биылғы жылға жоспарлаған мемлекеттік сатып алу жөнінде ойын ортаға салды. Жылда еліміздің түрлі кәсіпорындарымен 14000 мыңға жуық келісімшартқа қол қойса, осы жылы сол межеден түспеуді мақсат ететіндіктерін жеткізді. Осыған дейін бірқатар ірі нысандар салуда да қаржылық қолдауларын аямаған.

– Риддерде мешіт салынды, Өскеменде Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі, Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты бой көтеріп, №4 қалалық аурухананың заманауи құрылғылармен жабдықталуына қаржылай қолдау білдірдік, – дейді Станислав Курносенко.

Жауапты тұлғаның айтуынша, алпауыт кәсіпорынның өткен жылы аймақтағы әлеуметтік салаға бөлген қаржы мөлшері – 11 млрд 700 млн теңге. Нақтырақ айтсақ, денсаулық сақтау саласына – 4 млрд, қаланы абаттандыруға – 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ал 2020 жылы қызмет көрсету, жұмыс және тауар бағыттары бойынша нақты жоспарлар бекітіліп, шаһар шаруашылығына бөлінген қомақты қаржыға да тоқталды.

Тағы бір айта кетерлігі, «Казцинк» компаниясының 2019 жылы шетелдік жеткізушілерден сатып алған тауарлардың жалпы құны – 92 млрд 254 млн теңгені құраған. Бұдан кейін өзге де кәсіпкерлер жұмыс жоспарларын ұсынып, нақты цифларға тоқталды.

Дегенмен жиналғандар үшін іскерлік меморандумға қол қою әлдеқайда маңызды саналды.

Жиын соңына қарай «SP JET», «Қазақстан өндірістік кәсіпорны» және «КС РНП» ЖШС-рі тауар сатып алу және қызмет көрсету бойынша құны 968 млн теңгелік үшжақты меморандумға қол қойылды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ