Өскеменде ұсталған пәтер тонаушылар Павлодар облысының тұрғындары болып шықты

574
көрілім
Көрші облыстан келген екі жігіт полицияны адастыру үшін өзге қалада ұрлық жасау әдісін ойластырған. Олардың таңдауы Өскеменге түскен екен. Әккі жоспар өз жемісін бермей қойған жоқ: заңға қайшы әрекеттің кеселінен бес жәбірленушіге төрт миллион теңгеге жуық шығын келтірілген.

Сот материалдарына сәйкес, екеуі оңай пайда табудың амалын ақылдасып, ақыры бір шешімге келген. «Павлодар – Өскемен» бағытындағы автобусқа мініп, екеуі қаланың ортасынан уақытша пәтер жалдап тұрады. Бір-бірінің атқарар ісін әбден кеңесіп алған олардың бірі есікті ашып алып, пәтерді тонау кезінде екіншісі ұялы телефонымен қауіпті жағдай туындай қалса ескертпекке әзір тұрады. Алғашқы жортуылында-ақ екеудің қанжығасы көп-көрім майланып, қомақты ақшамен қоса алтын және күміс бұйымдарды қосқанда жеті жүз мың теңгеден астам ақша жымқырылған.

Ұрлық жағдайларының арасын көп ұзатпаған олар екінші үйді де тып-типыл тонап кетеді. Осы әрекеттің салдарынан үйден 1 млн. 300 мың теңге ақша ұрланған. Бұдан кейін де айыпталушылар үш үйден 2,5 млн. теңгенің заты мен ақшасын қолды етеді. Жүрген жерін ойып түсіретін ұрының біріне Өскемен қаласының №2 сотында жауап беруіне тура келді. Сотта жиырма 28 сотталушы процессуалдық келісімге келіп, аталған жағдайға қатысты қылмысын мойындады. Қазіргі уақытта екінші сотталушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Шығын өтелмегеннен кейін алғашқысына рақымшылық заңы қолданылған жоқ. Сот үкімімен сотталушы үш жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпкер жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтейтін болды.

Мейрамбек Қосажан