Өскеменде ұстаздар сабақ түсіндірудің жаңа әдісін меңгерді

324
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Облыстың әр ауданынан бөлек, қалалар мен арысы Абай облысынан жеткен бастауыш сынып мұғалімдері №46 орта мектебіне жиналды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ШҚО филиалы мен Білім басқармасы тізе қосып, ұйымдастырған шара білім беруде тиімді әдістер қолдануға бағытталған.

Ұстаздар үшін ұтымды әдіс

Аталған мектепте ауқымды семинарлар жиі өтеді. Әрбірінде оқудағы озық тәсілдер түсіндіріліп, ұстаздар келген сайын білім азығын молынан алып қайтады. Осы жолы республикалық деңгейдегі сарапшы, педагогика ғылымдарының магистрі Мәдениет Хабат келді. Мұғалімдермен диалог орнатпас бұрын республикалық семинар өзегін кәдімгі қазақтың үйлену тойы үлгісінде түсіндірді.

– Араларыңызда екі жасқа тілекші болып, қуанышына ортақтасуға бара алмай, тойлардан шет қалған жандар бар ма? Мен жоқ деп ойлаймын. Сабақты зерттеу дегеніміз – үйлену тойы. Ал құдаларға кит әперу – сабаққа тақырып таңдаумен тең. Айталық, сіздерге қажет киімдер Өскеменнен табылмай, еріксіз Астанаға барасыздар. Ол жақта түк табылмаса, Алматыны бетке аласыздар. Lesson Study тәсілі тура сондай. Бастысы, оқушыларға білім беру кезінде әдіс қолданудың тиімді фокусын таба біліңіздер, – деді ол.

Lesson Study-дің астары сол, алдымен зерттеу сұрағына мән берілуі керек. Сосын барып тақырып талқыға түседі. Зерттеу сұрағы мен тақырып жеке-жеке қаралуы тиіс.

– Китке киім қараған сияқты сұраққа жауап іздей береміз. Бірақ ертелі-кеш тақырып таңдалады. Ол таңдалған соң әдебиетке шолу жасайсыз. Көп ұстаздың сөзінше, қазіргі уақытта баланың сөйлеу дағдысын дамыту зерттеу тақырыбына айналып отыр. Ал осы сөйлеу дағдысына байланысты кім не айтты? Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды тұлғалардан бастап, шетелдік зерттеушілер жауабына үңілеміз. Әдебиетке шолу деген – кит алу кезінде дүкендерді аралаумен ұқсас. Содан кейін бірігіп сабақты жоспарлаймыз. Сабақ басталды дегеніміз, тойдың бөгеуі ағытылды деген сөз. Оқушылар парталарына жайғасқанда, ұстаздар іске кіріседі, – дейді сарапшы.

Осы кезде ұстаздар күш біріктіріп, сабақ барысында бірнеше нәрсеге мұқият назар аударулары тиіс. Зерттеу сұрағы дегенде оқушылардың орындығы, алдарындағы құрал-жабдығы – бәрі-бәрі түгел болуы меңзеледі. Магистрдің сөзінше, зерттеуде ұсақ-түйек деген жоқ.

Мәдениет Хабат

– Сабақ басталғанда кім нені бақылауы керек? Бірі оның қалай жоспарланғанын, бірі бағалау жүйесін, бірі оқушылардың сабақ оқуын қараса, енді бірі мұғалімнің қозғалысын ғана қадағалайды. Мәселен, бір кабинетте төрт қатар болса, ұстаз бірінші қатарға неше рет келді? Екінші қатарға ше? Үшінші, төртінші қатарға бармай, жай көз жүгірткен болар? Осының бәрін қағазға түртіп отыру керек. Қысқасы, сабақты бақылау кезінде фокусқа бөліп алу деген осы. Оқушылар сыныптан шыққан соң, сол фокустар бойынша жұмыс жалғасуы қажет, – деді Мәдениет Хабат.

Мектептің таңдалуы тегін емес

№46 мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаеваның сөзінше, сабақты зерттеу түрлері тақырыбы бастауыш сынып ұстаздары үшін өте өзекті. Көп мұғалім сапалы білім беріп жүрсе де, оны бүлдіршіндер жадына сіңіру үшін зерттеу арқылы қадам жасау керектігін жеткізді.

Гүлфарида Ауғанбаева

– Аудандардағы мектептерде білім берудің озық әдістері үйретіліп жатса, қуаныш қой. Оны педагогтердің өздері де жақсы түсінеді. Мұны оқу жылының соңына таман өткізгеніміз де бекер емес. Қыркүйек айында алдарына жаңа мақсат қойып, жұмысқа білек сыбана кіріседі деуге сенім мол, – деді директор.

Айта кетер жайт, №46 мектеп Өскемен бойынша оқушылар және мұғалімдер саны бойынша бірінші орында тұр. Білім сапасы да жоғары.

– Қазір мектеп қабырғасында 100 сынып бар. 184 мұғалім еңбектеніп, 2438 оқушы білім алып жатыр. Қуанышқа орай, екі ауысымға сыйып кеткен. Бастауыш сыныпта 52 сынып бар. Ондағы мұғалімдер де білікті. Содан болар, республикалық семинар өткізетін орын ретінде біздің мектеп таңдалды, – деді Гүлфарида Ауғанбаева.


Қатысушылар ішінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының ұстаздары Гүлмира Жақсылықова мен Динара Құсайынның еңбегіп атап өткендер де болды. Lesson Study--ден бөлек, Action research тәсілі де түсіндірілді.
– Семинарларға жиі қатысуға тырысамыз. Білім саласында жұмыс істеп жүргеніме 16 жыл болды. Өзім сарапшымын. Бұйырса, биыл зерттеуші санатына өтемін. Бізді шақырған тренерлерге рахмет. Lesson Study тәсілін қазір ұстаздар едәуір жақсы түсініп жатыр, – деді Зайсан қаласынан келген Шынар Айтмұханбетқызы.

Әсем Дюсупова


 

Қатысушылар ішінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының ұстаздары Гүлмира Жақсылықова мен Динара Құсайынның еңбегіп атап өткендер де болды. Lesson Study-ден бөлек, Action research тәсілі де түсіндірілді.

– Семинарларға жиі қатысуға тырысамыз. Білім саласында жұмыс істеп жүргеніме 16 жыл болды. Өзім сарапшымын. Бұйырса, биыл зерттеуші санатына өтемін. Бізді шақырған тренерлерге рахмет. Lesson Study тәсілін қазір ұстаздар едәуір жақсы түсініп жатыр, – деді Зайсан қаласынан келген Шынар Айтмұханбетқызы.

Зайсандағы Хафиза Мұстафина атындағы мектеп-лицейінен барлығы төрт мұғалім келген. Айтуларынша, Мәдениет Хабат түсіндірген мысалдардың көбі ұғуға жеңіл әрі оқушылар үшін аса қажет мағлұматтар.

Риддерден келген Әсем Дюсупованың айтуынша, сабақты зерттеу әдісі түсіндіріледі деген соң Өскеменге арнайы келді. Осында білген-түйгенін «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясындағы шәкірттерімен бөліспек. Сөзінше, республика деңгейіндегі мамандар келіп, тәжірибесімен бөлісіп жатқанда келмей қойған орынсыз болар еді. Оған қоса, қазір білім беруде жаңашылдықтар енгізілмесе, балаларды қызықтыру қиын.

Анығы сол, білім беру ісі бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының ұстаздары аудандар мен қаладағы мұғалімдермен тығыз байланыс орнатуда.

Асыл АЙТБАЕВ