Өскеменде үстіне шатыр құлап мерт болған тыл ардагеріне қатысты істің тергелуі аяқталды

593
көрілім
Фотосурет - caravan.kz сайтынан.
Өскемен қаласында сапасыз жүргізілген құрылыстың салдарынан көз жұмған егде жастағы ер адамға қатысты қозғалған тергеу амалдарына нүкте қойылды. Құқық қорғау органының қызметкерлері қылмыстық істі заңбұзушылықтың анықталмауына байланысты тоқтатты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың 17 шілдесінде қатты дауыл соғып, өңіріміздегі талай объектілерге зақым келген болатын. Жойқын дауылдың кесірінен ҚР Ұлттық банкі ШҚО филиалының ғимараты орналасқан жерде келе жатқан 82 жастағы тыл ардагерінің үстіне Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы мекемесінің шатыры құлап кетеді. Қария ауыр жағдайда Өскемен қалалық №1 ауруханасына жеткізілген. Өкінішке қарай, дене жарақатын алған зейнеткер 18 шілде күні сағат 21.30-дар шамасында көз жұмды. Осы қайғылы оқиғадан кейін Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының басшылығы қайтыс болған тыл ардагерінің отбасына материалдық көмек көрсетті.

Соңынан анықталғандай, сол кезде құлаған шатырдың жөндеу көрмегеніне бірнеше жыл болыпты. Осыған орай, полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 278-бабы, 2-бөлімімен (Сапасыз салынған құрылыстың салдары адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғу) қылмыстық іс қозғады. Негізінен бұл бапты аттаған тұлғаға 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Прокуратура да осы істің тергелуін жіті қадағалауға алатынын мәлімдеген еді.

Қазіргі уақытта, аталмыш қылмыстық іс тоқтатылған. Қалалық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, істі қараған тергеушілер 2010 жылы мекеменің шатырына жасалған жөндеу жұмыстары мен Шерьяздан Исановтың өлімінің арасындағы байланысты таппады.

Сонымен қатар, марқұмның немересі «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының басшылығы біздің жанұямызға материалдық көмек көрсетті. Оларға еш наразылығымыз жоқ» деп қолхат жазған. Прокуратура істің тоқтатылуы заң аясында жүргізілген деп санайды, – дейді Өскемен қаласының прокуроры Ерсін Шыныбаев.