Ақпанның 21-23 аралығында облыс орталығында адамзаттың ойшылы Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған 12 ЖОО студенттері арасында VIII Қысқы универсиада өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауқымды деңгейдегі сайыс Өскеменде тұңғыш рет өтті. Жауапкершілік жүгін Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ арқалаған екен. Биыл сайыстың үш түрі бойынша үздіктер анықталып, жоғары нәтиже көрсеткендері алдағы уақытта Швейцарияда өтетін қысқы Универсиада ойындарына жолдама алады. Қары қалың, қала шетіне шықсаң самал желі есіп тұратын Өскемендегі сайысқа алғаш қатысқан М.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің студенті Дәуренбек Жұманбеков белуардан асқан қалың қарды көріп, таң-тамаша болғанын жасырмады.
– Тараздан 10 спортшы келдік. Өзім көпсайыс бойынша бақ сынамақпын. Мұндай қарды алғаш рет көруім. Оңтүстік өңірде бүгін жауған қар ертеңінде еріп кетеді. Бұл жаққа келмес бұрын университет басшылығы қалың киімдер алуымызды айтып, екі күртке ала шықтық. Негізі, шаңғы тепкенімізге көп болмады. Тәжірибе жинап, алдағы уақытта шаңғы спортымен кәсіби түрде айналысамын деген ойдамын, – дейді Дәуренбек.
Әрине жергілікті студенттер өздерін осындай ауа райында суда жүзген балықтай сезінгендіктері рас. Әсіресе С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенттері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ сынды іргелі оқу орындарының студенттері өзара жүлделі орындарды сарапқа салды. Сайыстың бас төрешісі Болатбек Дүсіповтің айтуынша, универсиада біткен соң түрлі жарыстарда ел намысын қорғайтын Ұлттық құрама жасақталады. Ал Шығыс өңіріндегі қалың қар мен желді ауа райы спортшыларды одан әрі шыңдай түспек.
Универсиаданың алғашқы күні студенттер президенттік көпсайыстан бақ сынап, ерлер арасында командалық есепте Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ бірінші, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ екінші және С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері үшінші орыннан көрінді. Қыздар арасында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері 181 ұпаймен көш басына шықты. Екінші орын Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ және үшінші орын Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ спортшыларына бұйырды.
Ал жалпы жарыс қорытындысына келсек, ерлер арасында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері үздік шықты. Оларды өкшелеген Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ спортшылары екінші орын иеленсе, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ жастары жүлдегерлер үштігін түйіндеді. Қыздар арасында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ бұрымдыларына тең келері болмады. Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ екінші, Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ қыздары үшінші орынға ие болды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ