Өскеменде волейболдан студенттік спорт лигасының финалы өтуде

1792
көрілім

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ республикалық деңгейдегі ала доп бәсекесін қабылдауда, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылар волейбол спортының ел көлемінде кең етек алып келе жатқанын айтып, осындай сайыстардың жиі өткізілуін күн тәртібіне қоюға бекінген. Аталған бәсекеге Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ спортшыларынан бөлек, жеті университеттің студенттері жиналған.

Атап айтсақ:
1. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті;
2. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті;
3. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік лицейі;
4. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті;
5. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті;
6. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
7. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті.


Бәйге алауын жаққан Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ академиялық сұрақтар бойынша басқару-проректорының мүшесі Жадыра Қоңырбаева осындай сайыстардан соң кейін ел құрамасына енетін спортшылардың томағасы сыпырылатындығына сенім білдірді. Студенттер лигасы - сол елдің алдыңғы қатарлы волейболшылар резервін дайындауға басымдық беретін дода деді.


Әрі қарай жарыстың өткізілу маңызына қысқаша тоқталайық. Университеттегі спорттық клуб төрағасы Сымбат Бекбосыновтың аталған сайыстың республика көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғандығын атап өтті.
- Көптеген спортшылар осындай лигаларға қатыса отырып жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Шет елді алып қарасақ, көбінде Олимпиада, Әлем чемпионаттарында орын алып жүрген тәжірибелі ойыншылар студенттік лига волейболшыларынан жасақталған. Ол жақта біздің елдегідей Ұлттық лига деген ұғым көп көрініс бермейді. Алдағы мақсат осындай жарыстарды мықтап қолға алып, ірі додаларға суырылып шығатын команда құру, – деді Сымбат Түсіпханұлы.


Бір есептен, бұл аталған Ұлттық лига, Жоғары лигаларға ене алмаған спортшылар үшін өздерін көрсетуге берілген тамаша мүмкіндік. Сонымен ұзын-ырғасы сегіз команда. Екі топқа бөлініп, өзара үздіктерді анықтайды. Лига екі ай бұрын басталғанда 80 команда болған. Бірнеше аймаққа бөлініп өткізілген сайыс нәтижесінде сегіз ұжым финалдық кезеңге жолдама алып отыр.

 

Қыздар арасында кіл мықтылар анықталған соң жігіттер ала доп бәсекесінде бақ сынайды. Ол да Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың спорт залында өтеді.