Облыс орталығында лотерея залы ретінде жұмыс істеп келген жерасты казиносы жабылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Еске сала кетсек, заң бойынша елімізде ойын бизнесі тек екі жерде ғана арнайы рұқсат етілген: бірі Ақмола облысының Шу-Бурабай демалыс аймағы болса, бірі Қапшағай су қоймасының оң жақ жағалауында.
Дегенмен облыс орталығындағы ойын-сауық орындарының бірін жалдаған азаматтар оның ішіне компьютерлерді орнатып, операторлар жалдап заңсыз кәсіп ашқан.
- Ойыншылар 10 мың теңге төлеп кіруге міндетті болған. Ал операторлар ақшаны электронды картаға аударып отырған. Ойын автоматтары да соның нәтижесінде іске қосылған. Жеңімпазға ақша кассадан берілген, - деп хабарлайды ШҚО экономикалық тергеу департаменті. - Заңсыз ойын-сауық орнына тексеріс жүргізу барысында 1 млн теңгеден аса ақша, 20 дана «BINGO 37» мониторлы бағдарламалық-аппарат комплекстері, ойынды тікелей көрсетуге арналған плазмалық теледидарлар, моноблоктар, жүйелік блоктар, ойын орталығы қызметкерлерінің ұялы телефондары және «MONTE CARLO BINGO 37» логотипі бар арнайы қызмет киімдері табылып, тәркіленді. Оған қоса көп мөлшердегі рұқсатсыз сатылған спирттік ішімдіктер анықталды.
Департамент мамандарының хабарлауынша, жерасты казиноға қатысты ҚР ҚК-нің 307 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, бүгінде тергеу амалдары жүргізілуде.