Өскемен қаласында 24 жастағы жас жігіт Алматыдан ойын автоматтарын әкеліп, заңсыз кәсіп ашқан. Сотта кінәсін мойындаған айыпталушыға ірі көлемде айыппұл салынды.
Өткен жылдың соңында жас жігіт ғаламтор арқылы Алматыдан әрқайсысы 27 мың теңгеден алты ойын автоматын сатып алады. Бұдан кейін облыс орталығының Тәуелсіздік даңғылынан бір залды жалдайды да, заңсыз кәсібін дөңгелете бастайды. Алты ойын автоматы алты түрлі ойын ұсынып, 200 теңгеден 20000 теңгеге дейін қабылдайтын ойын автоматтарына қызығушылар тартыла түседі. Бұл жағдайға құлағдар болған ШҚО мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері заңсыз кәсіп ашқан жігіттің соңына түскен. Заңсыздықты әшкерелеу үшін департамент қызметкерлерінің бірі ойыншы ретінде ойнауға келіп, айыпкерді бұлтартпайтындай дәлелдер қолға түскеннен кейін ойын автоматтарының алтауы да тәркіленген.
Сотта айыпталушы өзіне тағылған айыппен келісіп, шынында да заңды белден басқанын мойындаған. Айыпталуышының кінәсі толық дәлелденіп, Өскемен қаласының №2 сотының үкімімен мүлкінің тәркіленуімен сотталушыға 500 АЕК (1 134 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Еске сала кетсек, ҚР 2007 жылғы «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес, казино, онлайн-казино, ойын автоматтарының залдарын Алматы облысындағы Қапшағай қаласы мен Ақмола облысының Щучинск қаласынан тыс, Қазақстан Республикасының аумағында ашуға тыйым салынған.
Мейрамбек Қосажан