Өскеменде заңсыз көлік иеленушілердің жолын кескен әскери қызметшілер марапатталды

834
көрілім
Өскеменде екі жігіт автотұрақтағы бейтаныс адамның көлігін заңсыз иемденіп, қала ішін аралап кеткен. Алайда оларды дер кезінде байқап қалған Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қауіпті жағдайға қарамастан, заң бұзушыларды қызметтік көлігімен тоқтатқан.

Оқиға тіркелген күні ақпаратты қабылдаған әскери жасақ ұрланған транспортқа ұқсас «ГАЗ» ауыр жүк көліктеріне қала көшелерінде бақылауды күшейткен. Сағат кешкі 20:35 шамасында Ұлттық ұланның капитаны Ермахан Манақбаев көлікті байқап қалып, байланыс желісіне хабар берген. Осыдан кейін-ақ заң бұзушыларды ұстау туралы жедел шара қабылданады. Әскерилердің қызметтік көлігінде Еламан Талдыбаев, Владимир Наумов және жүргізуші Берік Қиялов болған. Ұрланған автокөліктің иесі қызметтік көлікке соқтығысып барып қана тоқтаған. Осы жерде автопатруль қызметкерлері заң бұзушыларды құрықтаған.

ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Торғаевтың айтуынша, ұсталған екі заң бұзушы да бұрын сотты болған екен. Қазіргі уақытта оларға қатысты ҚР ҚК 200-бабы бойынша, яғни «ұрлау мақсатынсыз бөтеннің көлігін заңсыз иемдену» айыбы тағылған. Заңсыз әрекеттері кезінде екеуінің біреуі орта дәрежеде мас болған көрінеді. Екеуі қаланың Красина ауданынан көлікті иемденіп, Новаторов көшесіне әскери қызметшілердің көзіне түскен. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заң бұзушылардың екеуінен қала сыртына шықпау жөнінде қолхат алынған.

Ұлттық ұланның қызметкерлері күрделі сәтте оңтайлы шешім қабылдап, ерліктің үлгісін көрсетті. Кейбіреулер «қазіргі жастар бұзылған» деген таным-түсінікте жүр, бірақ бұл жастардың жедел әрекеті қауіптің алдын алды. Қиын сәтте тайсалмаған әскери қызметшілердің барлығы да қызмет бабында көтермеленетін болады, – дейді Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Талапкер Амриев.

Қоғамдық тәртіпті бұзушыларды ұстау бойынша батыл әрі шешімді әрекеттері үшін «ҚР құқықтық әскеріне 25 жыл» төсбелгісімен:

капитан Ермахан Манақбаев (5518 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы екінші баталоьоның командирі)

аға сержант Берік Қиялов (5518 әскери бөлімінің жедел батальоны автомобиль взводының бөлімше командирі) марапатталды.

 

Қоғамдық тәртіпті бұзушыларды ұстау бойынша батыл әрі шешімді әрекеттері үшін екінші дәрежелі «Ұлттық ұлан» қызметінің үздігі төсбелгімен:

қатардағы Еламан Талдыбаев (5518 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы екінші батальонының қамтамасыз ету взводының сарбазы, жүргізуші, Алматы облысынан шақырылған);

қатардағы Владимир Науман (5518 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы екінші рота бірінші взвод үшінші бөлімшесінің маманы, Көкшетау қаласынан шақырылған) марапатталды.
Аян Өрібаев