Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсетудің қай түрі болмасын, үлкен назарға алынады. Бұл жайлы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жылдам жолмен түрлі құжаттар дайындаймын деп алаяқтардың арбауына түсіп жүргендер аз емес. Оларға қылмыстық жауапқа тартылмас үшін ғаламторда ашық түрдегі қызметтерге жүгінбеу талап етілді. ШҚО Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Жанна Қабдолдақызы қарапайым халықтың заңсыз қадамға бармай ақ заңды түрде құжаттарын реттеуін ескертті.
- Көпшілігіміз жұмысқа немесе оқуға орналасу үшін алатын арнайы 0-86 үлгідегі медициналық анықтамасы ауруханаларда немесе сол жерде жұмыс істейтін азаматтардан ақшасын төлеп, ешқандай медициналық тексерістен өтпей иеленуге болатын жағдайларды естіп жатамыз. Сондай оқиғалардың бірі Өскемен қаласындағы мектеп директорлығына үміткер тұлға жалған анықтама қағазын алу кезінде ұсталған. Бұл оқиға бойынша мәліметтер Өскемен қалалық Полиция басқармасына беріліп, қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 385-бабы 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, - деді ол.
Осыған ұқсас жайт Семей қаласында жалған психоневрологиялық диспансердің арнайы анықтама қағазын алу кезінде орын алған. Арнайы тексеріспен тегін түрде берілетін анықтаманы 500 теңгеден сатқан.
Еске салып өтсек, мұндай арнайы медициналық анықтама қағаздарын қазіргі күнде Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе «Электронды үкімет» порталынан алуға болады. Заңсыз түрде жасатқандар жауапқа тартылады.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ