Биыл ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өскеменге іссапармен келіп, қалада жабық үлгідегі стадион салу жөнінде тапсырма берген болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазіргі таңда спорт нысанының алдын ала жобасы әзірленіп, бекітілген. Бұл UEFA стандарты бойынша үшінші санаттағы бес мыңдық стадион болмақ. Стадион облыс орталығының жаңа бөлігінде бой көтереді деп жоспарланып отыр. Бұл үшін бес гектар жер бөлінді. Нысанның нақты қай жерде салынатыны әзірге белгісіз, бірақ бұдан бөлек тағы да ашық алаң болатын көрінеді.
Бұл туралы ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, кикбоксингтен бес дүркін әлем чемпионы Асқар Можанов мәлімдеді.
- UEFA стандарттары бойынша үшінші санат дегеніміз не? Жаңа стадионда топтық чемпиондар лигасын өткізе алатын боламыз. Бірақ ол үшін команда дайындау керек. Біздегі қыс алты айға дейін созылатынын білесіздер. Қар ерігенше бес ай бойы оқу-жаттығу үдерісі тоқтап қалады. Ал жаттығу деген үздіксіз жалғасуы керек, - деді ол.
Сондай-ақ Асқар Байжігітұлының айтуынша, «АЛТАЙ» ФК-ның кәсіби жаттықтырушылары жас спортшыларды тактикалық-техникалық жағынан да, жеке шеберлігі бойынша да жақсы дайындап келеді. Бірақ ойыншы алты ай бойы үлкен алаңда болып, кейін жаттығу залына кіргенде оның сол уақытта қалыптасқан дағдылары жоғалады. Үлкен алаңға қайта шыққан біраз спортшы ұзақ уақыт бойы үйренісе алмайды. Ал жабық стадион мұндай қолайсыздықтардың алдын алып, футболшылардың жыл бойы еш алаңсыз жаттығуына мүмкіндік береді.