Өскемен қаласының тұрғыны қаражатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қаржы мониторингі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыс орындамай, қызмет көрсетпей, тауарды тиеп-жөнелтпей шот-фактура жазу фактісінің жолын кесті.
Жедел іздестіру шараларының барысында күдіктінің екінші деңгейлі банкте ақша қаражатын жүйелі түрде қолма-қолға айналдырып отырғаны анықталды
Өскемен қаласындағы бір банкте 14,9 миллион теңге көлеміндегі ақша қаражатын қолма-қолға айналдыру барысында жалған кәсіпорын басшысы ұсталды.
Өскемен тұрғыны 2015-2019 жылдар аралығында жалған 4 кәсіпорынды туыстары мен таныстарына тіркей отырып, жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берумен айналысқан. Бұл кәсіпорындарда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін автокөлік, үй-жай, өндірістік техникалық база және қызметкерлер штаты болмаған.
Жалған фирма басшыларының қаржы шаруашылық мәселесімен айналыспағаны, бухгалтерлік есеп жүргізбегені және салық есебін тапсырмағаны анықталды.
Іс жүзінде фирмалар қылмыстық іс-әрекетті жүзеге асыру үшін, контрагенттерге салықтан жалтару үшін жалған есепшот жазып берумен айналысқан. Нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түрінде 852,5 млн теңге көлемінде шығын келгені анықталды.
Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен айыпталушы ҚР ҚК 28 және 216 баптарының 3-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды.