Өскемен қаласының Металлургтер Мәдениет сарайында кеше «Жалған мен шындық» спектаклінің тұсаукесері өтті. Облыстық Дін істері басқармасының тапсырысымен көрерменге жол тартқан қойылымда жат діни ағымдарға берілген жастар туралы заманның өзекті мәселесі қамтылған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыстық Дін істері басқармасының өкілі Айтқұрман Тұрғанбаев қойылым алдында жат діни ағымдармен күресте мемлекеттік бағдарлама қолға алынғанын атап өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын. Биыл мемлекеттік тапсырыс негізінде дәстүрлі дінімізді насихаттау үшін «Жалған мен шындық» қойылымы көрерменге жол тартты. Өздеріңіз естіп біліп жатқандай, жер бетінде неше түрлі келеңсіз жайлар орын алып жатыр. Сахна арқылы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түрлі қауіптің алдын алсақ деген мақсатымыз бар, – деді Айтқұрман Тұрғанбаев.
Басқарма өкілінің сөзінен кейін көпшілік күткен қойылым басталып кетті. Өскеменнің кәсіби актерларының шеберлігінде мін жоқ. А дегенде пиғылы басым Сағиттің алдына келген жастарды аузына қаратып, жат ағымға тән уағыз жүргізгені, Дархан есімді жігіттің артынан еріп кеткені – бірден залдағы көрермендердің назарын өзіне аударды. Қойылымдағы ниеті ақ, адал жүректі Құдайберген мен оның зайыбы Гауһардың өмірі суреттелген. Режиссер жат діни ағым қалайша қарапайым отбасының өміріне араласып кеткенін шебер көрсете білген.
– Алдағы уақытта осы қойылыммен Шығыс Қазақстанға қарасты аудандар мен қалаларды аралау жоспарымызда бар. Спектакльдің басты мақсаты – дәстүрлі дініміз бен жат діни ағымдардың ара-жігін ашып, көрсете білу. Қойылымда көрсетілгендей, көбіне жеке мәселесі қордаланған адамдар жат діни ағымдарға бет бұрып кетіп жатады. Сондай қиын жағдайлардың алдын алу мақсатында осы спектакльді қойып отырмыз, – дейді қойылым режиссеры А. Қозықанов.
Фотосурет түсірген Есімхан Орынбаев