Өскеменде жаңадан сатып алынған тоғыз автобус жолаушыларды тасымалдауын жалғастыруда

853
көрілім

Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қала басшысының сөзінше, «Марат-М» ЖШС тасымалдау мекемесі қарамағындағы бағыттарға 9 жаңа автобус алынды.

- Қазіргі таңда қалалық бағыттардағы жаңартылған қоғамдық көліктердің саны 66-ға жеткен.Тасымалдау мекемелерімен жасалған келісімге сәйкес олардың саны алдағы уақытта 15 көлікке артады, - деді Жақсылық Мұқашұлы.
Сонымен қатар, мұның бір жылдан артық уақыт (2021 жылдың күзінен бастап) ішінде автобус паркінің төрттен бір бөлігі жаңартылатындығын білдіретінін атап өтті. Десе де қоғамдық көлік біртіндеп жаңартылып жатқанымен қала іргесінде шағын аудадар мен кенттерде автобус тапшылығы әлі байқалатынын жазды тұрғындар.
- Ахмерге қосымша автобус неге қоспайсыз? Аялдамада бір сағаттан аса уақыт күтеміз келесісін. Ахмерден қалаға спорттық үйірмелерге баратын балаларымыз үшін үнемі алаңдаумен отырамыз. Ал Меновнойға екі-үш автобус жүреді, - деді Гүлжанат Абраймова.
Бұған oskemencard.kz басшылығындағылар жауап беріп, өтініштің басшылыққа дейін жеткізілетінін айтып сендірді. №38 автобустың бағытын өзгертіп, Меновное ауылына баратын №55 автобустың жүру жиілігін арттыру бойынша өтініш-шағымдар айтылды. Дегенмен "Сіздің өтінішіңіз басшылыққа дейін жеткізіледі" деп қана берілген жауап көбінің көкейінде сауалдарды сол беті қалдыра берді.