Полицейлердің мәліметінше, ер адам бетперде киіп, ойыншық тапаншамен бекетке баса көктеп кірген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО полиция департаменті өкілдері оқиғаның мамырдың 30-ы күні болғанын жеткізді. Түнгі уақытта Грейдерная көшесіндегі жанармай құю станциясына бетперде киген ер адам шабуыл жасап, кассирді тапаншамен қорқытып, екі миллион теңгеден астам қаражатты алып кеткен.
- Жедел уәкілдер күдіктіні бірден қолға түсіріп, оның 40 жастағы облыс тұрғыны екенін анықтады. Күдікті жымқырған ақша оның көлігінен табылған. Ал тапанша ойыншық болып шықты, - дейді полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Күдікті ер адам сот санкциясымен қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 3-бөлігіне сәйкес (қарақшылық) ісі сараланады.