Өскеменде жас инспекторлар слеті өтті

378
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Бүгін «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы» мен ШҚО ПД Жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласының №11 мектеп-лицейінің базасында жол қозғалысы жас инспекторларының облыстық слеті өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жарыстың мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмысты жетілдіру және балалардың жол апатынан жарақаттануының алдын алу мәселелеріне мүдделі мекемелер мен ұйымдардың, жұртшылықтың назарын аудару. 
Облыстық слеттің ашылу салтанатында ШҚО Білім басқармасы мен ШҚО ПД Жергілікті полиция қызметінің өкілдері жас инспекторларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі. 

                                                                                                                              
Шараға қала және аудан мектептерінен келген 12-14 жас аралығындағы 8 команда қатысты. Әр топ құрамында 10 адам және 1 топ басшысы бар. Балалар арасындағы бәсеке бірнеше кезең бойынша өтті. Алдымен қатысушылар өздерін әділқазы алқасына таныстырып, қарым-қабілеттерін алғашқы кезеңде-ақ көрсетіп үлгерді. Сайыс барысында берілген тапсырмаларды да мұқият орындады. Атап айтқанда, саптық байқау, жол жүру ережелерінің білгірлері, велосипедті мәнерлеп тебу, жас реттеуші, жас санитар, үгіт-насихат бригадаларының жарысы мен білгірлер сайысы. 

                                                                                                                             
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жас инспекторлар слетінің оқушылар арасында патриоттық рухты қалыптастырып, жол қозғалысы ережелерімен таныстыруда маңызы зор. 
- Жол қозғалысы жас инспекторларының облыстық слетін өткізіп отырмыз. Өңір бойынша 2324 баланың басын қосқан 193 отряд жұмыс істеуде. Бүгін соның 8 командасы өзара бақ сынасып жатыр. Бұл оқушылар слеттің аудандық және қалалық кезеңінде топ жарған, - деді орталық директорының  қосымша білім бойынша орынбасары Кунжан Уразаева.
Бәсекеге түскен білім алушылардың көңіл-күйі мен жеңіске деген талпынысы ерекше.  Қасым Қайсенов кентінің орта мектебінің оқушысы Малика Төлегенова өз әсерімен бөлісті. 
- Слетке қатысу үшін он күндей жан-жақты дайындалдық. Осы тұста жетекшіміз Арай Төлеухановаға ерекше алғысымызды айтқымыз келеді. Бүгін сапта шырқаған әніміздің сөзін де сол кісі жазып берді. Соның арқасында таныстыруымыз өзгеше болды. Барлық қатысып жатқан командаларға сәттілік тілейміз. Өзіміз де жүлделі орыннан үміттіміз, -деді ол. 

                                                                                                                              
Жарыс қорытындысы бойынша 3 орынды  Алтай қаласынан келген «Алтай қаласы мектеп-лицейі» КММ отряды иеленсе, жүлделі 2 орынға  Риддер қаласының «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясы» КММ отряды лайық деп танылды. Ал 1 орынды Өскемен қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы № 20 орта мектеп» КММ отряды қанжығаларына байлады. 
Жеңімпаз топтар кубоктармен, дипломдармен, ал барлық қатысушылар медальдармен және сыйлықтармен марапатталды.

                                                                                                                             

Қымбат МУХАМАДИЕВА