Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханадағы «Жас тілші» үйірмесінің шәкірттері «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Шығыс Қазақстандағы меншікті тілшісі Олжас Керейханнан дәріс алды.
Тележурналистиканың жілігін шағып, майын ішкен Олжас Керейхан жастарға бағыт беріп, мол тәжірибесімен бөлісті. Өңір журналистикасының бүгінгі ахуалы мен осы өлкеден шыққандардың тек биіктен көрінетінін сөз етті.
Студенттер сан түрлі сұрақтарын қойып, көкейлерінде жүрген көп сауалдың жауабын алды.
- Қазір өкінішке қарай, арзан әзіл мен «хайп» үшін жасалған контент көбейіп кетті. Ол адамның алтын уақытын босқа кетіреді. Бірақ бұған көрерменді кінәлауға болмайды. Себебі көрермен үйге келген қонақ сияқты, алдына не қойсаң соны жейді, - деді Олжас Керейхан.
Өз сөзінде ол журналист болуға бел буған адам Бейімбет Майлин шығармаларын міндетті түрде оқуы керектігін жеткізді. Болашақ әріптестеріне тілшілік тізгінін газеттен бастап ұстаған ең абзалы екенін айтты.
Нұрлан Алппылам