Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Жастар Fest» атты кеш ұйымдастырылып, белсенді жастар түрлі тақырыпта әңгіме өрбітті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған жиында қаламыздағы түрлі салада еңбектеніп жүрген белсенді жастардың басы қосылып, кітапхана оқырмандарымен кері байланыс орнады. Қатысушылар көпшілікке бойындағы таланты мен қабілетін көрсетіп, жұмыс істеп жүрген бағыттағы қызықтармен бөлісті. Айтуларынша, адам әр салада өзін дамыта алады, жасаған батыл қадамдардан мол өмірлік тәжірибе жинақтауға болады. Оқырмандар мен шара қатысушыларына сұхбат алаңы, кітап көрмесі және психологиялық жаттығулар ұйымдастырылды. Жоба қатысушыларының бірі Анель Уатханованың сөзінше, өмірде тіл білудің маңызы зор. Қазір ол төрт тілді қатар үйретіп жүр.
- Осы арқылы өзін тұлға ретінде қалыптастыруға болады. Адам көкжиегін кеңейткен сайын айналаға басқаша қарай бастайды, - деді ол.
Өскемен қалалық маслихат депутаты Айдос Әділбекұлы «Менің қосқан нақты үлесім» тақырыбында сұхбат жүргізіп, кеш қонақтарына үздіксіз еңбектенудің берер пайдасын жеткізіп бақты.
- Мүмкіндігінше, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бір орында тоқтап қалмай, дамудың жаңа сатысына аяқ басуға тырысу керек. Себебі, ізденіс болмай, жетістікке жетудің де ауылы алыстай береді, - деді ол.
Ол осы жасалған баяндамадан кейін қозғалған тақырыптар бойынша қатысушылардың ой пікірін білгісі келді. Бұл үшін меймандарға микрофон да ұсынылды.
Кеш соңына қарай кітапхана оқырмандары арасында асық ату, ләңгі тебу сияқты қазақы ойындар ойнатылды.
НҰРДАУЛЕТ ҚАЛИБЕКОВ