Аталған орталық кез келген жас үшін түрлі бағыт бойынша кеңес беріп, бос уақыттарын тиімді өткізуге қолайлы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қазақстан Халық партиясы» ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Жадыра Закаринаның сөзінше, бұл партия атынан облыс бойынша ашылған тұңғыш кеңсе. Бірқатар мемлекеттік бағдарлама аясында қыз-жігіттерге түрлі мүмкіндік қарастырылған. Үй тапсырмасын орындап, реферат-баяндама жазып, оны шығару кезінде де Жастар қанаты есігін айқара ашады. Мұнда интернет те қолжетімді. Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Анжела Горностаева кеңсенің ашылуы тек партия үшін емес, қоғамда да ерекше маңызға екендігін жеткізді.
«Білімді жастар кез келген елдің жарқын болашағы. Қазіргі қабылданып жатқан реформалар сапалы білім беруге бағытталады. Шағын және орта бизнесті бастапқы қолдау, жас отбасыларға көмек беру – мемлекет басшылығының назарында. Жастар қанатының ашылуына жиналған әрбіріңізге айтарым, сол реформаларды іске асыруда сіздерге зор үміт артамыз», – деді мәслихат депутаты.
Жауапты тұлғалар білімге құштар ұл-қыздарға мемлекеттің тарихи мәдениетін дәріптеп, патриоттық танытуларын сұрады.
«Біздің партия әрқашан жастардың бастамасын қолдап келеді. Осы орталықты ашудағы басты мақсатымыз – жастардың саяси белсенділігін арттыру, оларды рухани, мәдени тұрғыда дамыту. Жоғарыда арнайы бағдарламалар жайлы айтылды. Нақты айтсақ, жас отбасыларды баспанамен қамту, жастардың жатақхана мәселесін шешу және оларды жұмысқа тұрғызу сияқты көмек беру басшылыққа алынды. Жалпы, облыстағы жастарымыздың түйткілдерін бірігіп шешуді жөн санап отырмыз», – деді «Қазақстан Халық партиясының» Орталық аппараты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрдәулет Оразханов.
Жадыра Закарина «Жаңа Қазақстан» құруда мұндай бастаманың маңызы айырықша екенін атап өтті. Мұнда заңгерлік тұрғыда да кеңес алуға болады. Шахмат пен дойбы ойнауға кедергі жоқ. Аптаның алғашқы бес күнінде кеңсе таңертең сағат 09:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін жұмыс істейді.