ШҚО өнер музейінде Жастар жылы аясында «Жастар шығармашылығы» атты көрме ашылды. Байқауға қатысушылар «Жас суретші», «Жас мүсінші», «Жас сәулетші», «Көркем фотосурет» номинациялары бойынша марапатталады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Байқауға Семей, Риддер, Катонқарағай, Жарма және Тарбағатай аудандарының суретшілері қатысып отыр. Көрмеде 53 автордың 111 шығармашылық жұмысы қойылды.
– Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілді. Биылғы жылы Катонқарағай ауданында суретшілер плэнері өткен болатын. Осындай көрмелердің нәтижесінде Өнер музейінің қоры толығып келеді, дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Көрмедегі суреттердің басым бөлігі туған жер тақырыбында салынған. Сондықтан да туындылардан ауыл иісі аңқып тұр. Байқауға қатысқан суретшілердің жас ерекшеліктері 14-40 жас аралығын қамтып отыр.
– Бұл шара біздің шығармашылықпен айналысумызға демеу болып отыр. Сонымен қоса басқа да қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысу арқылы өзара тәжірибе алмасуымызға мүмкіндік туды. Осы көрмеге екі жұмысымды әкелдім. Біріншісі табиғат туралы сурет болса, ал екіншісі мүсін. Ол мүсін қазақтың ұлттық ойындарының бірі аударыспақты ойынын бейнелейді. Өзім көбінесе портрет жанрында жұмыс істеймін, - дейді суретші Қуаныш Әділбек.
Көрмедегі ерекше туындыларға көрермендер де жоғары бағаларын берді. Себебі көрме тек сурет өнерімен ғана шектелмеді. Әртүрлі туындылардың болуымен ерекшеленіп отыр.
Сайыстың корытындысы 12 желтоқсан күні Қазақстанның тәуелсіздік күніне орай жарияланады.