Төрткіл дүниенің келбетін тең арқалаған алуан түрлі бояулар кім-кімді болмасын, бірден өзіне баурап алары хақ. Бұл-бояулар құдыреті. Суретші шеберлігі. Өскеменде ШҚО Мәдениет және құжаттама басқармасы және Өнер музейінің ұйымдастыруымен «АРТ-жастар» жобасы аясында өткізіліп отырған облыстық «Жастар шығармашылығы» байқауы өз мәресіне жетті. Байқаудың қортындысы бойынша әр жанр бойынша жалпы саны 34 өнер иесі орын алып, ақшалай сыйақылармен марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бес бағыт бойынша марапатталды
Естеріңізде болса, осы жылдың 19 қарашасында Өнер музейінде бейнелеу өнері байқауының бірінші кезеңінің нәтижелері бойынша «Жастар шығармашылығы» атты көрме ашылған болатын. Көрмеге 53 автордың 111 шығармашылық жұмысы қойылған. Араға біраз уақыт салып, әділқазылар алқасы байқауды қорытындылады. Сайысқа қатысушылар «Жас суретші», «Жас мүсінші», «Жас сәулетші», «Көркем фотосурет», «Жас суретші, графика» жанрлары бойынша жүлдегер атанды. Сонымен қоса кеш барысында «Ұлы дала палитрасы» халықаралық пленэр кітабының тұсауы кесілді.
– Байқау Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Осы жоба арқылы жастар өзара тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік туып отыр. Сайыстың ерекшелігі, қатысушылар 14-40 жас аралығын қамтиды. Көрмеге сызба суреттерден тыс фотосурет пен құйма мүсіндер де қатар қойылған. Бұл шара енді ғана өнер айдынына бет бұрған жас таланттарға қолдау болады. Жобаның негізгі мақсаты – жастардың шығармашылығына кәсіби бағдар берумен қатар жастар арасында бейнелеу өнерін насихаттау, - деді Өнер музейінің қызметкері Толқын Тетепова.
Дүйім жұрттың назарын бірден өзіне аударған керемет туынды Маржан Бақытбекованың «Желтоқсан» картинасы болды. Кенепте кешегі өздерін құрбандықтың қара лағына байлап, өзектерін от шарпыған желтоқсан боздақтары салыныпты. Туындының шынайылығы соншалық, ортамызды тек осы бір темір тор ғана бөліп тұрғандай.
Ұстаздан шәкірт озар
Шынында да, бұл жоба жастар шығармашылығын дамытуға үлкен септігін тигізді. Осы орайда Тарбағатай ауданының тумасы Шоқан Әділет қос қуанышымен бөлісті. Бұлай дейтініміз, байқауға ұстазы мен шәкірті қатар қатысып, жүлдегер атанды.
– Байқауға араб жазулары бейнеленген туындыларымды ұсынып, 1-орынды жеңіп алдым. Бұл жай жазу ғана емес, тұнып тұрған өнер, үлкен ғылым. Халиграфия өнері елімізде енді ғана дамып жатыр. Ал Түркия елінде жақсы дамыған. Араб жазуы бізге жат емес. Себебі 8 ғасырдан бері мұсылман елдері осы жазуды қолданып келген. Әрбір әріп өзіндік ереже мен қағидаға сүйенеді. Осы өнерге келуіме тікелей әкем әсер етті. Әкем Қазақстан суретшілер одағының мүшесі. Жастайымнан сурет салуды көріп өстім. Сонымен қатар шәкіртім де жүлделі болды. Ұстазынан шәкірт өзып жатқаны мен үшін үлкен қуаныш. Мен Ақжар ауылында балалар өнер мектебінде көркем өнер пәнінен сабақ берем, - дейді Шоқан Әділет.
Иә, ойларын өнермен өрген жастардың бұл жеңісі Тәуелсіздікке тарту болды. Олар егемен елдің еркін ойлы ұрпағының бойындағы ұлы қасиетті осылай кенеп бетіне түсірді. Әр картинада еркіндіктің лебі есіп тұр.
Таунар ҚАЙРАТ