Бүгін Өскемен қаласындағы «Орталық» әмбебап сауда орталығы мен «Юбилейный» кинотеатры аралығындағы жаяу жүргінші жолында жеңіл автокөлік екі мектеп оқушысын қағып кетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, сағат түскі бірге таяу сегіз және тоғыз жастағы екі қыз реттелмеген жаяу жүргіншілер жолында өтіп бара жатқан. Осы кезде Nissan Primera автокөлігі екеуін қағып кеткен. Белгілі болғандай, жеңіл автокөліктің тізгінінде әйел отырған көрінеді. Екі оқушы да Ана мен бала орталығына жеткізілді. Зардап шеккендер қандай дәрежеде жарақат алғаны әлі белгісіз. Істің мән-жайын құқық қорғаушылар анықтау үстінде.