Өңір тәртіп сақшылары «Мал ұрлығы» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізу аясында облыс орталығының маңында жайылып жүрген малды ұрлаумен айналысқан 40 жастағы Өскеме тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мал ұрлауға барғанда атыс қаруын қолданғаны анықталды.
Қараша айының 20-на қараған түні ол «Toyota Land Cruiser» маркалы көлігімен полициядан жасырынбақ болғанымен, арада сүт пісірім уақыт өткенде қолға түсті.
- Жедел-тергеу тобы шаруа қожалықтарының бірінің иесіне тиесілі құны 7 мың АҚШ доллары болатын асыл тұқымды жылқының жартылай сойылған етін тапты, - делінген мәліметте.
Полиция қызметкерлері көлік салонынан көптеген оқ-дәрілері бар 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықты және оның заңсыз қызметінің басқа да дәлелдерін тәркіледі.
- Қазіргі уақытта мал ұрлығы фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды және ол кінәлі деп танылған жағдайда оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.