Облыс әкімдігінде өткен жиынға өңір басшысының орынбасары Дархан Сапанов қатысып, спортшыларға сый-сыяпат көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен додадан жерлестеріміз құр алақан қайтпады. Кеше оларды теміржол вокзалынан салтанатты түрде күтіп алып, құрмет көрсетілді.
- Осы жолы күміс медаль бұйырды. Қытай топ жарса, Жапония қолаға қол созды. Жалпы, жоғары дайындықпен бардық. Енді осы жүлдемді алтынға айырбастасам деймін, - деді есу слаломынан Жазғы Азия ойындарында екінші орын иеленген Анастасия Ананьева.
Пара жүзуден Пара Азия ойындарының қола жүлдегері Нұрәлі Советхановтың сөзінше, Қытайдағы аламанның ұйымдастырылуының өзі ерекше.
- Қазір пара жүзу спорты Азияда қарқынды дамып келеді. Жүлделі үштікке енемін деп өзім де ойламадым. Әзірлік Қырғызстанда өтті. Мен ғана емес, командалас жігіттердің барлығы аянып қалмады, - деді Нұрәлі Советханов.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов аймақ намысын абыроймен қорғаған әрбірінің еңбегін ерекше атап өтті.
- Өңір басшысы Ермек Көшербаев пен өзімнің атымнан сіздерге алғыс білдіремін. Осы жеңістеріңіздің соңында қайтпас мінез бен тәртіп тұр. Облыста сіздердей спортшылардың барын мақтан етеміз. Бұл - жеңістеріңіздің тек алды болғай, - деді ол.
Слалом есуден Ұлттық құраманың бас бапкері Светлана Куликова кешеден бері ыстық ілтипатын білдіріп жатқан әкімдік өкілдері пен спорт жанашырларына рахметін жеткізді. Ал пара үстел теннисінен ауқымды сайысқа қатысушы Ардақ Нұрмағамбетовтің сөзінше, өзінің алдын орап кеткен қарсыластарының осал тұсын байқады. Жеңістің ауылы алыс емес. Ендігі мақсаты - келер жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама иелену.
- Қазір облыста пара үстел теннисіне лайықты қолдау көрсетіліп келеді. Пара Азия ойындары өзім қатысқан ең ірі сайыс. Жекелей сында менің тобымда Иран, Тайланд, Иран елінің спортшыларына қарсы тұрдым. Ал жұптық сында Кувейт, Оңтүстік Корея және Тайланд елінің өкілдері болды. Жекелей сындағы қарсыластырымның барлығы құрлықтық жарыстың чемпионы мен жеңімпаздары екен. Ұтуға болады. Тыңғылықты дайындықты үзбеймін, - деді ұландық спортшы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ