О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада қолға алынған шарада оқырман катонқарағайлық қаламгердің шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көркем әдебиеттің көрнекті өкілі һәм еліміздің еңбек сіңірген қайраткерімен жүздесу осы кітапханада алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Естеріңізде болса, осыған дейін Дәурен Қуат, Мереке Құлкенов сынды проза шеберлері Алтайға атізін салғанда, көпшілік Әлібек Асқаровтың көркем туындыларымен тағы бір танысқан еді. Нақты айтсақ, бұл маусым айының 16-сы күні болатын.
Бұл жолы өскемендіктер мен проза төңірегіндегі жандар «Қиғаш хикаясы», «Аюдың өті қайда?», «Қорық» сияқты туған жердің тұмса табиғатын өзек еткен әңгімелердің авторына көкейде жүрген сауалдарын қойып, әдебиеттің ауылын алаңсыз аралады.
Айта кетерлік жайт, бұл жолғы шара ерекше форматта, ресми жиындардағыдай емес, еркін өтуде. Проза мен поэзия тереңіне бойлаған азаматтар мен нәзік жандылардан бөлек, оқушылар мен студенттер де кездесу барысын ынтамен бақылап отыр. Жүздесудің ерекшелігі сол, Әлібек Асқаровтың Катонқарағайдағы оқырмандары да шараға қашықтан қатысуға мүмкіндік алған. Тіпті, шығармаларын сүйіп оқитын жазушысына арнап, өлең де оқып берді.
Жалпы, шараның басталуына дейін көгілдір экраннан қаламгер жайлы деректі фильм көрсетіліп жатқан. Сол кезде жерлес прозашы Алтайдағы әдебиет тереңіне сүңгіген жерлестері жайлы сөз етті.
– Өлкеміздің табиғатын Оралхан ағамыздан асырып ешкім суреттеген жоқ деп білемін. Ол ағаларымызбен бас қосқанда әдебиет жайлы айтпайтынбыз. Ел, жер тақырыбы сөз болатын, – деді жазушы.
Дәл осы сөзін аз уақыттан кейін шара кезінде тағы бір қайталады. Қай шығармаға қалам тартса да географиялық һәм саяси астарына үңілгенін жеткізді. Бұл уақытта Әлібек Асқаровтың әңгімелерінен үзінді оқылып, оқырман соны табуға тырысты. Жазушы тек Катонқарағайдың табиғатын емес, Марқа өңірін, тұтас Алтай аумағын шығармасына өзек еткенін аңғартты. Көбі дәл тапқан. Тыныштық үзіліп, шара біртіндеп әдемі диалогқа ұласа бастады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ