Өскеменде жедел жәрдем көлігінің қатысуымен болған оқиға бойынша сот шешімі шықты

776
көрілім
Фотосурет Қанатбек Қасентаевтің жеке мұрағатынан

Естеріңізде болса, былтыр желтоқсан айының 15-і күні «Қиылыстағы қақтығыс» деген тақырыппен мақала жазып, Ахмер кенті жақта болған жол-көлік оқиғасын қамтыған едік. Ауыр халдегі баланы ауруханаға апара жатқан жедел-жәрдем мен жеңіл мәшине соқтығысып, көпшілік арасында қызу талқыға түсті. Арада екі ай өткен соң сот шешімі шығып, мәселенің ақ-қарасы анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдымен айып таққан

Сол оқиғаға қысқаша көз жүгіртсек. Жағдайы нашарлап кеткен сәбиді әуежайдан күтіп алып, ауруханаға жеткізуге асыққан Қанатбек Қасентаев Ахмер кентіндегі Тоғас және Аязбаев көшелерінің қиылысында жеңіл мәшинемен соқтығысады. Айналма жолда қашан да қарбалас, жылдамдығын бәсеңдетпеген Lada 2115 екпінмен келіп соғады. Бұл түс ауа болған оқиға еді. Осы бойынша бейнежазба да тарап, көпшілік науқасты межелі жерге жеткізуге асыққан жүргізушінің әрекеті дұрыс десті. Сәлден соң полиция қызметкерлері келіп, керісінше, кінә артқан. Егер айыпты болып шықса, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе жарты жылға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін екендігін жеткізген. Дегенмен жуықта әкімшілік сот отырысы өтіп, жедел жәрдем жүргізушісінің пайдасына шешілді. Қанатбек Ахметбекұлы оқиғадан соң жан-жақты қолдаған жандарға ризашылығын білдіріп, бейнежазбамен бөліскен еді.

– Сот төрағасы жедел жәрдем тарапын қолдады. Қорғаушы адвокатым Ерлан Жомартұлы қажет дәлелдер мен фактілерді ұсынып, білгірлігін көрсетті. Сол жердегі «Сергек» камерасындағы жазба ұсынылды. МАИ қызметкерлеріне толтырылған әкімшілік хаттаманы өзгерту жағы айтылуда. Қарсы тарап та істі аппеляцияға беріп жатыр, – деді Қанатбек Қасентаев.

Осыған дейін ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы жедел жәрдем жүргізушісінің әрекеті жүз пайыз дұрыс екендігін алға тартқан болатын. Дегенмен осы жолы қандай да бір ақпарат бөлісуге құлшынбады. Бірнәрсе айтуға ертерек дейді.

«Жүрек қобалжып, ұйқы қашты»

Аталған оқиға екі айдай бұрын болған. Осы уақытта жедел жәрдем жүргізушісінің ойы сан-саққа кетіп, жүзінде күлкі азайып, дастархан басында тәбеті қашқан. Соңғы сәтке дейін көңілін уайым жайлады.

– Қандай шешім шығарады, соңы немен бітеді екен алаңдап жүрдік. Жүрек қобалжып, ұйқы қашты, дұрыстап тамақ та іше алмайсың. Іштей сенімді жүрсек те, сот шешімі кенет құбылып шыға ма деген үрей болды. Еліміздегі сот дұрыс шешім шығаратындығына, заңды дұрыс қолдана алатындықтарына көзім жетті, – деді жүргізуші.

Қанатбек Қасентаев Марқакөлдің тумасы. Өскеменге 1993 жылы қоныс аударып, алдымен Жамбыл гимназиясында шопыр болған. Кейін жұмысын жедел жәрдемде жалғастырып, 16 жылдан бері жағдайы мүшкіл жандарды діттеген жеріне жеткізіп келеді. Айтуынша, мұның алдында ұсақ-түйек қақтығыстар болған, бірақ мынадай жайтпен тұңғыш рет ұшырасыпты. Көбінесе аудандарға шығады. Ал қалада жүргенде күніне 20-25 шақырту түседі дейді.

Марқаның тумасы қарсы тараптың аппеляцияға жүгінулері ойында уайым бұлтын үйіргенін жасырмады. Әзірге сот шешімі оң, дегенмен тақырыптың қайтадан қозғалуы да ғажап емес.