Өскеменде «Желтоқсан алауы» атты мүсіндік композиция бой көтерді

672
көрілім

Өскемен қаласында «Желтоқсан алауы» атты мүсіндік композиция бой көтерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

16 желтоқсанда Өскеменде «Желтоқсан алауы» мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Ол Ертіс жағалауындағы Ғашықтар аллеясында орналасқан.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған композицияның авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев. Мүсіннің биіктігі 5 метрге жетеді. Онда мұзды жарып шыққан бүркіт бейнеленген. Композицияның ашылуына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен Желтоқсан оқиғасының қатысушылары келді.

- Баршаңызды Ұлық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық таңының атқанына биыл 31 жыл толып отыр. Желтоқсан оқиғасынан өскемендіктердің де ойып тұрып алар орыны бар. 1986 жылы қазіргі ЦУМ-ның маңайына бір топ өскемендік жастардың да теңдік сұрап шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Осы ретте қаламыздың көшелерінің біріне Желтоқсан атауын беруді жөн көрдік. Сондай-ақ бүгін мерекеге орай боздақтар рухына арнап тұрғызылған “Желтоқсан алауы” мүсіндік композициясы да ашылды. Бұл өткен жылы көтерілген тақырып болатын. Желтоқсаншы жерлестеріміз Өскеменге осындай бір мүсіндік композицияның, тіпті көшенің ауадай қажет екендігін алға тартқан еді. Осы ұсынысты ескере отырып, биыл көше атауын беруді өз парызымыз санадық, - деді қала әкімі.

Бұдан бөлек, осы күні «Шығыстық желтоқсандықтар» кітабының тұсаукесері өтті.

- Оған 188 жерлесіміздің тағдыры мен ерлік істері енгізілген. Бұл оқиғаға қатысқандар тек 90-шы жылдардың бас кезінен ақтала бастады. Бүгінде «ұлтшылдық көрініс» деген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалған. Осы кітапты құрастырған Болат Төлепбергеновке, Гүлбаршын Абылғазиновнаға және редакциялық кеңес құрамына ерекше алғыс айтқым келеді, - деді Жақсылық Омар.