Облыс орталығындағы «ANTICOR ORTALYGY» аумағында өткен жиында жемқорлыққа қарсы берік ұстаным танытқан мемлекеттік қызметкерлер марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің өкілдері сыбайластық фактісі жайлы хабарлау арқылы қылмыс санының белгілі бір мөлшерде кемігені, я артқандығы жөнінде бейхабар. Нақты айтсақ, осы бағытта басқа сала мамандары статистикалық есеп-қисап жүргізеді. Ал аталған Департамент қызметкерлері заңсыздықты бөгеуде нәтиже берер шараларды мүмкіндігінше үзбей жалғастыруда.
Бүгін қызмет бабында адалдық танытқан құқық қорғау органдарының өкілдері дәл осындай заңға қайшы әрекетке барғандармен болған оқиғаларды сөз етті. Жүргізушілердің түрлі әккілікке басқан сәттерімен бөлісті. Өскемен қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы Әлихан Балапановтың сөзінше, шаһар көлемінде мұндай жайтпен бірнеше мәрте ұшырасқан.
Сонымен аталған аға инспектордан бөлек, Бесқарағай аудандық полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің бастығы Ерболат Жолдасбек, Өскемен қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының аға инспекторлары Айбек Қайдаров пен Алмас Қарашов марапатқа лайық деп танылды.