Бүгін ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бірлесе ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері үшін экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Келген меймандар ОВ-156/1 мекемесіне жол тартты. Шараның басы-қасында жүргендердің айтуларынша, акцияның мақсаты – пара алып, пара бергендерге жазаны қандай жағдайда өтеу керектігін көрсету.
ОВ-156/1 мекемесінің қызметкерлері осы мекемеде ұстау шарттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Камералар, серуендеу алаңдары, медициналық блоктар – барлығы келгендерді бірден қызықтырды. Мұнда ешкімнің де жемқор ретінде оралғысы келмейтіндігі анық. Соңында «үрейлендіру» акциясы сәтті өтті деді меймандар.
– Экскурсия – сыбайлас жемқорлықты алдын-алудың ерекше әрі жаңаша әдісі. Тергеу изоляторының тыныс-тіршілігінен таныс болған қонақтар заңды белден басудың зардабын біртіндеп болса да түйсінгендей. Кез келген заңға қайшы әрекет тікенді сымның артына апарып, темір тордың бар ауыртпалығын сездірді. Камераларда күнелтудің өзі нәубет, ешбір жайлылық байқалмайды. Тек кереуеттер, алюминий шыныаяқтар мен қасықтар, терезе торлары және қабағы қатулы күзетшілер. Күдіктілер, айыпталушылар, сотталушылар мен сотталғандар дәл осындай жағдайда күнін кешеді, – деді ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкері Гүлнұр Бекбаева.