Өскемен қаласындағы жер үйлердің бірін жалға алған әйел адам үй иесінің тұрмыстық техникасын сатып жіберген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Щербаков көшесіндегі жеке тұрғын үйдің иесі тұрмыстық техникасының жоғалғандығын айтып полицияға шағым түсіреді. Оның сөзіне қарағанда, үйді жалдап тұрған 37 жастағы өскемендік азаматша 370 мың теңгеге бағаланған техникаларды қолды қылып, із-түссіз жоғалып кеткен.
Тергеу жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Әйел адам өз кінәсін бірден мойындап, ұрлаған заттардың кейбіреуін сатып жіберіп, түскен ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсағандығын жеткізді. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жер үйдің иесі болған 65 жастағы зейнеткер әже, тұрмыстық техникасының жоғалғандығын бірнеше ай бойы байқамай жүрген көрінеді. Қазіргі уақытта тіркелген фактінің бүге-шүгесі полиция қызметкерлерімен тергелу үстінде.