Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрлі халықаралық «Жетекші мектептер» форумы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
2016 жылы облысымызда 71 жетекші мектеп болса, биыл оның саны 95 ке дейін өскен. Бұл өз кезегінде жаңа педагог мамандарға да сұраныс пен талаптардың көбеюін білдіреді. Осы мақсатта жаңартылған білім мазмұнын қолдауды жүзеге асыруда облыс педагогтарына әдістемелік қолдау көрсетілуде.
- Өскемен қаласында өтіп жатқан бірінші Халықаралық форум Шығыс Қазақстан облысы жетекші мектептерінің жұмысын жандандыруға арналған. Барлық жиналған әріптестер үшін кәсіби тәжірибелерімен бөлісуге арналған белсенді алаң. Биыл жетекші мектеп мәртебесіне ие болып отырған 24 білім ордасын айтуға болады, - дейді Өскемен қ.аласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Гүлжан Зейнолдина.
Осыған дейні оқыту семинарлары, шеберлік сыныптары мен әдістемелік сабақтардың басым бөлігі Назарбаев Зияткерлік мектептерімен жүргізіліп келсе, биылдан бастап бұл жүйе екіжақты тәжірибе алмасу негізіне көшеді. Яғни, барлық мектептер ең үздік бастамаларын, белгілі бір мәселеге қатысты шешімдерін өзге білім ордаларымен бөлісе алады.
Форумда ресейлік әріптестер де онлайн режимде тәжірибе алмасты.
- Форум біз үшін үлкен маңызға ие. Себебі біздің міндетімізде жалғыз адамның шамасы жетипейтін ауқымды мәселелер бар. Өзге әріптестерімізбен тілдесе отырып, олардың қиындықты шешудегі тәжірибелерімен таныса аламыз. Бұл орта жетекшілікті жаңа деңгейге көтереді. Яғни біз шешімдер алгоритмдерін ортаға сала отырып, жұмыс істейміз, - дейді Өскемен қ. №27 орта мектебі директоры Гүлмира Дюзбенбекова.
Шара аясында мектеп өмірінің барлық қызметін қамтитын сарапшылар, психологтар, маркетинг алаңдары жұмыс істеп, инновациялық тәжірибе салоны постерлік презентациялары ұйымдастырылды. Форумға қатысушылар жоғары деңгейдегі дайындықтары үшін Назарбаев зияткерлік мектебінің және Педагогикалық шеберлік орталығы қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.