Өскеменде «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы форумы талқыланды

586
көрілім

Облыстық Халифа Алтай мешітінде «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы атты жиын өтті. Жиында «Жеті рухани қазықтың» құндылықтарын жүзеге асырудың оңтайлы жолдары кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мұсылман қауымының мәртебесін арттыратын бұл құжат ІІІ имамдар форумында қабылданды.

– Мұсылман баласы әділеттің ақ туын көтеріп, көркем мінезімен қоғамға нұрын шашса, ол біз үшін үлкен ғанибет. «Жеті рухани қазық» мынадай қасиеттерімен ерекшеленеді. Ол имандылық, отаншылдық , мәдениеттілік, білімділік, еңбекқорлық, ауызбіршілік, және әділеттілік. Адам баласының негізгі құндылығы – руханият. «Рух» деген сөздің өзі жан деген мағынаны білдіреді. Адамдар рухтың қалауы мен нәпсінің қалауын шатастырып жатады. Жан дүниесінің азығын таппаған адам теріс жолға тез түседі. Пенденің жандүниесінің мейірімге толтырып отыратын асыл қасиеттерінің бірі осы рухани тұғырларымыз,- деді облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы.

Оның айтуынша, «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары рухани тұғырнамасының басқа құжаттармен салыстырғанда арқалаған жүгі ауыр.

– Шын мәнінде біздің осы күнге дейін «ихсан» тақырыбын көтеруге мұршамыз болмады. Кейбір сопылық ағымын тудырушылардан кейін аталмыш тақырыпты айтудан үркектеп қалғанымыз рас. Ал «Жеті рухани қазық» осы олқылықтардың орнын толтыруға арналған бірегей құжат,- деді ол.

Аталмыш құжатта көтерілген әрбір тақырып құран-кәрім аяттары, Алла Елшісінің хадистері, жүсіп Баласағұн, Әйтеке би, хакім Абай сынды даналардың философиялық ой тұжырымдарымен өрілген.

Жиын барысында мешіттің басқа да әлеуметтік мәселелері талқыланды.

– Бүгінде діни сауаты жоқ молдалардың саны артып келеді. Бұндай қателікке жол бермеу үшін алдағы уақытта молдаларды аттестаттаудан өткіземіз. Одан өткен молдаларға куәлік беру мәселесі де қарастырылып жатыр. Қазір кейбір адамдар қатым түсіріп, құран оқыса еңбегін пұлдап жатады. Бұл жағдайдың имамдарға еш қатысы жоқ. Себебі имамдар мен молдалар құран оқығанда ешқандай ақы талап етпейді. Өкінішке қарай, келеңсіздікке әлі де тосқауыл қоя алмай отырмыз. Кейбір ас берушілер молданың біліміне емес дауыс, ырғағын бағалап шақырып жатады. Тіпті молдалар қатымға, құранға, жаназа шығаруға арнайы өз бағаларын қойып та үлгіріпті,-дейді имам.

Кездесуде талқыланған тағы бір түйткілді мәселелердің бірі – ауылдық жерлерде мешіт салу мәселесі болды.

– Өңірімізде мешіттердің кейбірі қараусыз қалып жатыр. Оның экономикалық жағдайына жергілікті дінни қызметкерлер дәрменсіздік танытуда. Кәсіпкерлер мешітті салғаннан кейін де жалғасты жұмыс істеуіне көмек қолдарын созса нұр үстіне нұр болар еді. Не болмаса мешіті бар жерлерге мектеп салып берсін. Ол да ұрпақ тәрбиелейтін киелі орда,-деді Ермек қажы Мұқатай.

Таунар ҚАЙРАТ