Қыркүйек айының 18-і күні түстен кейін сағат 16.28-де «102» жедел арнасына 35 жастағы жергілікті тұрғыннан кәмелетке толмаған ұлын іздеуге көмек көрсету туралы қоңырау келіп түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анасының айтуынша, 2016 жылы туған ұлы ойнап келу үшін далаға шыққан. Алайда сол кеткеннен оралмапты. Өз бетінше іздеп көрген. Барлық таныстары мен достарына қоңырау шалса да қайда кеткенін біле алмады.
Жеткіншектің қайда жүргенін анықтау мақсатында дабыл қағылып, жедел-іздестіру тобы, сондай-ақ Өскемен қаласы полиция басқармасының жеке құрамы жиналды. Тәртіп сақшылары әрлі-берлі өткен адамдардан сұрастырып, гүлзарларды, саябақтарды, жастар жиналатын орындарды мұқият аралап шықты.
- Өскемен қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция қызметкерлері кіші лейтенант Медет Жанапин мен аға лейтенант Рауан Баймолдин қабылдаған шаралардың нәтижесінде жоғалған бала Республика алаңынан табылды. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, туған-туыстарына жеткізілді, - деді Өскемен қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Орал Рыспаев.
Өз кезегінде, баланың анасы құқық қорғау органдарына және бейжай қалмаған барлық жанға кәмелетке толмаған ұлын іздеуге көмектескені үшін алғыс білдіреді.