Шығыс Қазақстан ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің бастамасы бойынша өткізілген Ғ.Байтасов атындағы жол қозғалысы жас инспекторларының 17-ші республикалық слетінің қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Республикалық слет Өскемен қаласы маңындағы сұлу табиғат аясында орналасқан балаларды-сауықтыру орталығында өткізілді. Слетқа барлығы 180 оқушы – Қазақстанның өңірлік жеңімпаздары, сондай-ақ ТМД елдері — Ресей Федерациясының және Қырғыз Республикасының командалары қатысты. Слетқа қатысушы оқушылар сайысқа қатысумен шектелмей, демалуға және Шығыс Қазақстан табиғатының әдемілігін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Оған қоса оқушылар үшін түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар, экскурсиялар жүргізілді.
Ең маңызды байқаулардың бірі – жол жүру ережелерінің білгірлері жарысы. Балаларға 15 минуттың ішінде ересектерге көлік құралын жүргізу куәлігін алуға арналған билеттерге жауап беру қажет. Осы сайыста – Қостанай облысының жол қозғалысы жас инспекторларының командасы бірнеше минуттың ішінде барлық сұрақтарға жауап беріп жоғары балл алды.
Саптық түзеуді өткізу барысында – Қырғыз Республикасынан келген ҚЖИ жасағы үздік атанды. Сондай-ақ слетке қатысушылар «Жас санитар» конкурсында дәрігерге дейінге медициналық көмек көрсету білімдерін тәжірибеде көрсетті. Бұл сайыста қазылар алқасы Астана қаласының жасағын үздік деп таныды. Үгітбригададың байқауында тағы да Қызылорда облысынан келген командасына тең келер ешкім болмады.
Слеттің қорытындысы бойынша, жол қозғалысы жас инспекторларының 17-ші республикалық слеттің жеңімпазы Қызылорда облысының ҚЖИ жасағы болды, екінші орынды Маңғыстау облысының құрамасы иеленсе, үшінші орынға Қарағанды облыстарының ҚЖИ жасағы табан тіреді.