Ресми ақпаратқа сүйенсек, көлік жүргізу құқығынан айыру кезінде көлікті мас күйінде басқарған 28 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, Өскемендегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қалалық Полиция басқармасы патрульды полиция бөлімінің жеке құрамы 70 792 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Қалалық Полиция басқармасының бастығы Андрей Муланың ақпаратынша, көлік жүргізу құқығынан айыру кезінде көлікті мас күйінде басқарған 28 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
- «Полицияның сервистік моделі» жобасы аясында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың полицияға қолжетімділігін барынша арттыруға бағытталған жеңіл қолжетімділік басты мәселе болып қала береді. Бұған учаскелік пункттерді, мобильді посттарды оңтайлы орналастыру, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану кіреді. Ал ең бастысы, халықпен тығыз байланыста болу азаматтардың полицияға деген сенімін арттырады, - деді қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Осылайша, қалада 5 «SOS дүрбелең түймесі» орнатылған. Сонымен қатар,облыс бойынша «Аманат» жол картасы аясында Өскемен қаласының 19-шы ықшам ауданында орналасқан екі қабатты жеке полиция пунктінің құрылысы аяқталды. 27 наурызда салтанатты ашылу рәсімі болып, оған Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков, сондай-ақ ШҚО ПД бастығы, облыс және қала әкімі қатысты.
– Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Сіздерді қоғамдық тәртіпті бұзбауға, соның ішінде бұзақылық пен бұзақылық әрекеттерге төзбеуге шақырамын. Оқиғаның куәгері болсаңыз, дереу 102 нөміріне немесе 102 мобильді қосымшасына хабарлаңыз, – деп түйіндеді Өскемен қ. ПБ басшысы.
Нұрбек АСҚАРОВ