Өскеменде жол жөндеу жұмыстары жалғасуда

71
көрілім

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Шмелев Лог кентіндегі жолдарды асфальттау жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайты.

2024 жыл Шығыс Қазақстан облысында «Жол жылы» деп жарияланғаны белгілі. Соның аясында Өскеменде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Оның ішінде Шмелев Лог кентіндегі жолдарға асфальт төселіп жатыр. Жақсылық Омар аталмыш кентке барып, сол жұмыстардың жай-жапсарын тексеріп қайтты.

Барлығы мұнда жалпы ұзындығы 2,3 шақырымнан асатын төрт көшенің жолы жөнделмек. Атап айтқанда, Ползунова, Багратион, Димитров және Железнодорожная.

- Бұл тізім өткен жылдың күзінде Алексей Петровтың жетекшілігімен ауыл тұрғындарының бастамашыл тобымен бірлескен тексеру барысында бекітілген болатын. Қазір топ мүшелері жұмыс сапасын бақылау үшін тапсырыс беруші және мердігермен белсенді жұмыс істеуде, - деді қала әкімі.

Талғатжан Мұхаметбекұлы