Өскеменде зиялы қауым өкілдері «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласын талқылады

426
көрілім

22 қаңтар күні, яғни бүгін Өскемен қаласындағы О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада қалалық мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Саринның бастамасымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, облыс көлемінде мерекеге байланысты көптеген іс-шара жоспарланып отыр. Оның 24-і халықаралық, 21-і республикалық деңгейде аталып өтілмек. Дегенмен бұның барлығы той тойлау емес, ой ойлау мақсатында жүзеге асырылып отырғаны белгілі.

- Біз қала бойынша жұмыс жоспарын жасап, комиссия құрып, кездесу жасай отырып Абай атамыздың мерейтойына орай өтетін іс-шаралардың тізімін жасаған болатынбыз. Қазіргі таңда ірілі-ұсақты 100-ге жуық шара жоспарладық, - деп атап өтті Қалқаман Айымғазыұлы.

Өткізіліп отырған шараға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласы негіз болды. Шараға қоғам қайраткерлері, мектеп, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары, журналистер мен ақындар қатысып, тақырып төңірегінде ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.

- Абайды XXI ғасырдағы ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттай отырып, жаңа Қазақстанның брэнді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныту қажет. Біз Абай сөзін бағыт сілтер темірқазық етуге тиіспіз. Даналыққа толы шығармалары арқылы санамызды тазалап, білім мен ғылымды дамытып, өркениетті елдермен үзеңгі қағыстырып, иық теңестіре алатындай саналы ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, - дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ оқытушысы Айымгүл Сейпутанова.