Айдың-күннің аманында үй ауласынан шығудың өзі мұң болған қала тұрғындары құқық қорғау органдарына осыған дейін сан мәрте жүгінген. Қазір Красин кентіндегі Леваневский көшесімен өткен әрбірі биіктігі алты метрден асатын қашамен қоршалған мекеме мен жер үйлердің әлдекімдер үшін «алтын көпірге» айналғанын жақсы түсінеді. Темір тордың ар жағындағы дос-жарандарына сәлемдеме жеткіземін дегендер қарапайым тұрғындардың қашасын сындырып өтіп, «уәделерін» орындайды. Осындай әрекет қаншама адамның зәре-құтын қашырған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Еңбектеп өткендер ерекше қорқынышты
Амалсыз күштік құрылымдардың көмегіне жүгінді жұрт. Өйтпеске шара қалған жоқ. Бірақ тұрғындар сөзінше, олар да шарасыз. Жап-жас жігіттер жоспарын бүге-шігесіне дейін пысықтап, нақты бір уақытты белгілейтін көрінеді. Пәрмен берілгенде кедергілерден жүгіріп өтіп, «арнайы операцияны» бастайды. Негізі олардың аяқтарына тұсау салып, кесе көлденең тұратын ешкім жоқ. Бір ғана кедергі – Леваневский көшесінің тұрғындары.
Оқиға желісі жұмбақталып кеткендей болар, мәселе мынадай: белгісіз біреулер талай жылдан бері колонияға түрлі заттар жеткізу үшін мекеменің дәл жанындағы үйлерден баса-көктеп өтіп, биік қашадан асырып жібереді. Кейде биіктен төменге қарай тастайды. Түс әлеті ме, түн ортасы ма, бәрібір – мұндай шалт қимылдар үздіксіз жалғасады. Ұйқыда жатқан адамның шатырына шығып, келесісіне қарғиды. Бастысы – сәлемдеме діттеген жеріне жетсе болды.
Қуат Мамырбаевтың үйі
– Не істерімізді білмей, ақыры үй ауласына жарықдиодты шам да орнаттық. Жапсарлас орналасқан бірнеше шаңырақ таң атқанша тасыр-тұсыр дыбыс шығарғандарды аңдумен болады. Есік алдын күнделікті жинап тұрамыз. Әрлі-берлі лақтырылған бөтелке, шприц, басқа да заттар бар. Лақтырылған пакеттердің бірі ағаштың дәл түбіне түскен екен, сондағы біреуінің жер бауырлап келе жатқанын көрсеңіздер, тура бір партизандардан аумайды, – деді тұрғындар.
Тыңдады да, тұтқаны қоя салды
Леваневский 60, 62 мекенжайынан бастап қатарлас үйлердің әр тұрғыны осыған дейін қашаларын сан рет бояп, сынғандарын талай мәрте қалыпқа келтірген. Ол аздай түзету мекемелерінің қызметкерлері шағым жиі түскен үйлердің қашаларына тікенді сым орнатқан. Солай етсе сәлемдеме тасымалдаушылар секіріп өте алмайтын көрінеді. Бір адам болса мейлі, кемі үшеу, тыңғылықты әзірлікпен келгенде жеті адамға дейін бірлесе әрекет етеді. Красиндіктердің сөзінше, тәртіп сақшыларының өздері қимылы шалт жастарды құрықтауға келгенде қауқарсыз. Шынымен солай болса, нәзік жандылар мен зейнет жасындағы қарттар кедергі бола алмас.
– Іс-сапарларға жиі шығамын. Жұбайым кішкентай балаларыммен көп уақыт үйде қалғанда жанымды қоярға жер таппаймын. Ал мынадай жағдайда уайымсыз отыру мүмкін емес, – деді Қуат Мамырбаев.
Құзырлы мекемелерге сан рет жүгініп, жылдар бойы тыныштық бермеген мәселенің тоңы жіби ме екен деп үміт еткендердің бірі Қуат Мамырбаев болатын. Үйінің алдындағы шприц, пакет қалдықтары, талай рет теуіп ашылған қашаның тозған қалпы жанайқайды жақынырақ тыңдатты. Райса Жакупбаеваның сөзінше, былтыр жазда колония басшылығына қоңырау шалып, болған жайтты айтып берген. Өзін баспасөз хатшысы деп таныстырған әлдекім тыңдап болып, тұтқаны қоя салыпты. Ал Владимир Толкачев жауапты тұлғалардың бірімен жүздескенде «бізге оқиғаны растайтын бейнежазба алып келіңіз» деп ойға қонымсыз өтініш естігенін алға тартты.
– Жасым жетпіске келген қариямын. Бейнежазбаға түсіріп, кейін қылмыскерді ұстап беруім қалды ма? – деді ол.
Кек сақтағандар көлік өртеген
Бұрындары Леваневский көшесінің алдымен көлік атаулы алаңсыз өтетін, қазір зәулім қаша қойып, жаяу жүргіншілер ғана сыяды. Тарыла түскен жер тұрғындар тіршілігін одан әрі тарықтырып жібергендей. Жасыратыны жоқ, шақырылмаған қонақтар күнде келетіндіктен түнде иттерін босатып, қарулануға да мәжбүр.
– Қазір үш балтам бар. Сәлемдеме жеткізушілермен күресемін деп өзім қылмыскер атанамын ба дегенде зәре жоқ. Лақтырып көрдім де, тимеді. «Алдыңғы шепте» жүріп арпалысып жүргендіктен көбінің маған деген кекшілдігі де аз емес. Содан болар, 2020 жылы көлігімді өртеп жіберді. Осы істің соңына жетеміз деген полицейлер де ығырымды шығарды. Арызды қайта жазу, көшіріп жазу, бітпейтін әуре-сарсаң, – деді Қуат Мамырбаев.
Қазір көршілер мұны өзара «заңдастырылмаған Қазпошта» дейді. Батылы жеткендер жеңіл мәшинемен тар көшедегі үйдің алдына дейін келіп, шатырға шығады. Солай әлдеқайда тиімді екен. Бейсауат қимылдар жылдап, күні-түні жалғасуына қарай айтылған шағымдар да жауапсыз қалмаған. Тұрғындар сөзінше, құзырлы мекеме өкілдері бір-екі күн кезекшілік құрып қарауылдағандарымен, арада күндер өткен соң «пошташылар» қайта қарқын алады. Красиндіктер лақтырылған заттың көбі есірткі екендігіне сенімді. Бала-шағаны сыртқа шығаруға жүрексінеді.
– Қылмыспен күрес дейді, бос сөз! Қоршалған аумақ маңын реттей алмай отырғанда қайдағы тәртіпті айтады? Қайта тікенекті сым қашамызда ғана бар, үй маңын түгел қоршап тастаса бейбіт күні абақтыда отырғандай болар едік, – деді Владимир Толкачев.
Үйді сату үрейден құтқара ма?
Өз аумағын бақылауға ала алмаған құзырлы мекеме өкілдері «Осы үйлерді неге сатып жібермейсіздер?» депті. «Сатып жіберу оңай екен, біз кетсек те басқасы келіп қоныстанады ғой. Бұлай айтқандары тіптен, құлаққа түрпідей тиді» десті тұрғындар. Бұдан шығатын қорытынды: арыз жазып, шағым білдіру түбі ешқандай оң өзгеріске әкелмейді. Себебі әр тұрғынның қолында осындай қағаздың бірнешеуі бар. Соның бірінде ШҚО бойынша қылмыстық атқару-жүйесі комитетінің бастығы Жанболат Қалетаев Владимир Толкачевке заңнан аттаушылықтың расталмағанын жеткізген.
– Жүргізілген тексеріс нәтижесінде сізге тиесілі нысан шатырынан 156/3 колониясына зат лақтыру расталмады. Одан бөлек, осы аумақты күнделікті патрульдеу нәтижесінде тыйым салынған заттарды лақтыру фактілері тіркелмеді. Бұл бағытта жұмыстар жалғаса бермек, – деді ол.
Сәті түссе осы жақпен де қашады
Осы жауапты көрсеткен зейнеткер қылмыскерлерді өздеріміз ұстап беруіміз қалды дегенге тоқталды. ШҚО Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы қүрес басқармасы да тексеріс жүргізіліп тұратындығына сендірген. Тұрғындар бір сөзінде колония басшылығының болған жайтқа қасақана көз жұма қарап отырулары мүмкін екендіктерін жасырмады.
– Биік қоршаудың ар жағында алып тұрпатқа ие иттің жүгіріп жүргенін естиміз. Қай жерден қыбыр етсе, сол жаққа тұра ұмтылады. Қызығы сол, сәлемдеме жеткізушілер келген бойда әлгі ит жоғалып кетеді, дыбысы шықпайды. Күзетте тұрғандар да осыдан олжа табатын сияқты, – деді зейнеткер.
«Сізді де өртейік пе?»
Леваневский көшесінің тұрғындары мұны беймаза шақтағы «соғыспен» теңеді. Бірі былтыр «ерлікпен айқасып» аз уақытқа болсын тыныштық әперсе, өзгесі бірнеше жылдан бері үздіксіз «ұрыс» жүргізіп келеді. Жаза басса жазым болулары мүмкін. Тіпті көршілердің бірі ашуға мініп, лом алып соңдарына түскен екен «Ағасы, сізді де өртеп жіберейік пе?!» десе керек. Сырт көзге күрмеуі қиын мәселе болып көрінгенімен, ұйқы мен күлкіден қалған көпшілік мұның шешімі ретінде қоршаудың арғы жағында темірдей тәртіп орнаса дейді. Сонда «пошташылар» келмейді. Құқық қорғау органындағылар осы жақты үнемі патрульдеу үшін қызметтік көліктердің кемшін екендігін алға тартыпты. «Әншейінде қала ішінде толассыз жүйткіп жүретін мәшинелер осыған келгенде құрып қалғаны қалай?» деп күмән тетігін басты. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басталғалы тыйым салынған зат лақтырудың 20-дан астам жағдайы тіркеліпті. Осылай деген ШҚО ҚАЖД ресми өкілі Салтанат Ожикенова қолға түскендердің ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 481-бабына сәйкес жаза тартылғандарын жеткізді.
Жылдар көлемінде арпалысып жүрген көршілер иық тірестіре іздеріне талай рет түссе де уыстарына түсіре алмаған. Қимылдары көз ілеспес дейді. Осындай оқиғалардың бірін Райса Жакупбаева айтып берді.
– Былтыр күзде полицейлер көмір қорама кіріп, үздіксіз кезекшілік етті. Тас-түйін отырған олар кенет қаша жақтан тықырлаған дыбыс естіген. Сәлемдеме лақтырылып жатқанда тұра ұмтылған тәртіп сақшылары ешнәрсеге үлгермей, қолдарымен ауа қармап қалды. Қолдарындағы затты бір-бірлеріне беріп үлгерген үш-төрт жігіт екі жаққа бөліне қашып, жоқ болды, – деді ол «арнайы операцияның» құрдымға кеткенін баяндап.
***
Олар өздері мінетін көліктерін жиі ауыстыратын көрінеді. Құзырлы мекеме өкілдері қолға түсіре алмай, дәл алдындағы адамдардан көз жазып қалса қарапайым тұрғындардан не шара? Сонда қоршалған аумақ тәртібін реттеу шынымен мүмкін болмағаны ма? Сөйтсе де, мезгіл мен уақытқа қарамай жұрт тыныштығын бұзғандар ерте ме, кеш пе қолға түсер…
Әділхан ЕСІМХАНОВ