Өскемендегі 19-шағын ауданға автобус жүріп, жарық тартылады

139
көрілім

Облыс орталығының 19-шағын ауданындағы көпқабатты үйлерде тұратын халықтың мәселелері назарға алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 
Өңір басшысы Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен 19-шағын ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездескен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов бұқараны толғандырған мәселелерді естіп қайтты. 
- Жергілікті көппәтерлі үйлердің қасында балабақша мен мектеп жоқ. Электр энергиясымен қамтуда да мәселелер бар. Сонымен қатар тұрғындар үшін үйге жету де бір мәселе – таулы аймақта бой көтерген бұл ауданға қоғамдық көлік қатынамайды. Енді мәселені өңір билігі жолға қоятын болды, - деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі. 
Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, ықшамауданның мәселелерін тез арада шешу жолдары жоспарлануда. Жауапты мекеме өкілдері тұрғындармен кездесіп, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметовке өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.
- Білім басқармасы мектеп пен балабақша мәселесін қарастырып, ұсыныстарын бермек. Біз әрекеттердің жалпы алгоритмін дайындаймыз. Аумақтарды абаттандыру «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен іске асырылады. Электр энергия мәселесін энергетиктер тез арада қарастырады, - деді Бақытжан Баяхметов.
Осы жылдың қыркүйек айына дейін шағын автобустарды жолға қою және жарықтандыруды орнатып, электр қуатын ретке келтіру жоспарланып отыр.