Өскемендегі №1 қалалық ауруханаға елімізде теңдесі жоқ ота жасайтын робот сатып алынды, деп хабарлайды buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сүйене отырып. Аталған құрылғы осы емхана базасында жуықта ашылатын роботтандырылған хирургия және трансплантация орталығында орналастырылатын болады.
«Робот хирургиялық, урологиялық, гинекологиялық отаның барлығын жасай береді. Ота денені кескілемей, бірнеше жерден тесу арқылы жасалады. Ресейде Да Винчи маркалы роботтар бар. Оның құралдары бір отадан кейін жарамсыз болып қалады. Жаңалап отыру қажет. Ал біз алған робот ұзақ мерзімге арналған. Сондықтан бағасы да қымбат», — дейді аталған емхананың бас дәрігері Юрий Старокожев.
Оның айтуынша, робот алдағы уақытта ауруханада жасалатын барлық отаның 30-40 пайызын өз мойнына алмақ. Қазіргі уақытта роботты техникаға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы жеткізіліпті, тек блоктағы жөндеу жұмыстарын аяқтау қалыпты.