Өскемендегі «2ГИС» компаниясының жұмысшысы қулыққа барамын деп сотты болды

657
көрілім

Өскеменде картографиялық «2ГИС» компаниясының жұмысшысы танымал электронды анықтамада жарнама таратып, одан түскен қаржыны өз қалтасына басқан, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

2016 жылдың соңына таман жас жігіт «2ГИС – Өскемен» компаниясына жұмысқа тұрған. Оның міндеті – Өскемен қаласының электронды картасы бар қосымшасына мекемелермен келісім-шарт жасасып, жарнама орналастыру болады. Бұл азаматтың қарамағында шамамен 60-қа жуық ұйым тіркелген. Кейіннен қызметкер қаржылық қиындыққа тап болып, оны жұмыс берушінің есебінен шешуді ойластырады.

Дәл осы уақытта ірі фирма өкілдері оған жартыжылдық жарнаманың қаржысын толықтай төлейді. Менеджер қаржыны өз қалтасына салып, кейін қаржылық мәселелерді шешкенде орнына саламын деп ойлайды, алайда оған бір ғана фирманың ақшасы жетпей қалады. Осы кезде жас қызметкер өзге тұтынушыларға хабарласып, жарнаманың ақысын төлеуді талап етеді. Ақыр соңында менеджер кассаға 400 мың теңгеден аса қаражат қарыз болып қалған.

Тұтынушылардың жарнама орналастырғаны үшін төлем төлейтін уақыттары келіп жеткен кезде «2ГИС» компаниясының басшылығы одан тиісті қаражатты талап ете бастайды. Жас қызметкер болса «қаржы кешігіп түседі» деген кепілдік қағазын да жазып, істі біраз созбақшы болады. Ал қызметкер жоқ кезде жұмыста тексеру болып, оның қитұрқы әрекеті бірден анықталды. Жұмыс берушілер менеджерге ақшаны қайтаруға бір апта уақыт береді. Ол қаражаттың орнын толтыра алмағандықтан, «2ГИС» компаниясының өкілдері құқыққорғау қызметкерлеріне шағым түсіруге мәжбүр болды.

Сотта айыпталушы қарызды өтейтін болғандықтан, жәбірленуші тарап оны қатаң жазаламауды сұраған. Сотталушыға Өскемен қаласының №2 соты бір жылға бас бостандығынан айыру жазасымен қоса, шығынның орнын толықтай өтеуге шешім шығарды. Үкім әлі өз күшіне енген жоқ.