Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Өскемендіктер үшін шомылу маусымы басталды. 1 маусымнан қала тұрғындарына екі жағажайға барып шомылуға болады. Осы ретте, ТЖД қызметкерлері "Самал" саябағы маңындағы жағалаудың жай-күйін тексеріп, сондағы жұртшылыққа ескертпелер жазылған қағаздарды табыстады. Бұдан бөлек, саябақ әкімшілігі қауіптің алдын алу мақсатында арнайы белгілер қойып, құм төселіп, медициналық пункттер әзірледі.
Өскемен қалалық ТЖ басқармасы бастығының орынбасары Дастан Ахметовтың айтуынша, қала бойынша шомылуға тыйым салынған 8 орын бар.
- Бүгін біз жағажай әкімшілігімен бірлесіп шаһар халқына ескертпе қағаздарын таратып жатырмыз. Оған қоса әкімшілікке қауіптің алдын алу мақсатында қажетті құрал-жабдықтарды қоюды тапсырдық. Бұл дегеніміз медициналық пункттер, құтқару орындарының орналасуы сияқты т.б бекітілген ережеге сәйкес болуы. Ескертпелерімізге құлақ асатын тұрғындар бар. Алайда көбісі қала бойынша тыйым салынған орындарға барып шомылады. Біз ол аймақтарда рейдке күнделікті шығып, тыйым салу белгілерін орнатып отырамыз, - деді ол.
Құтқарушылар халыққа тек рұқсат етілген орындарда шомылуды ескертуде. Басты назар аударатын мәселе - жағалауда кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау және мас күйде суға шомылмау.