Өскемен қалалық сотында клиенттен ай сайын еш негізсіз комиссия алып отырған банкке қатысты іс қаралды. Іс материалдарына сүйенсек, банк несие берген клиентіне 105 мың теңге заңсыз шығын келтірген.
Өскемендік азамат жергілікті банктердің бірінен 2 жарым миллион теңге несие алады. Бекітілген шарттың 8-тармағы, 2-тармақшасына және несиені өтеу кестесіне сәйкес, талапкер банкке несиелік қызмет көрсеткені үшін ай сайын 4188 теңге комиссия өтеп келеді, яғни ол банкке жалпы сомасы 105 000 теңге төлеген. Осылайша, банк клиентті ай сайын берген қарызы бойынша несиелік қызмет көрсеткені үшін комиссия төлеуге міндеттейді, алайда банктегілер клиентке ешқандай банктік қызмет көрсетпеген.
Осыған байланысты сот банк пен клиент арасында жасалған келісім-шарттың 8-тармағы, 2-тармақшасында көрсетілген міндеттемені негізсіз деп тауып, арызданушының талабы қанағаттандырылуы тиіс деген шешімге келді. Сот үкімі бойынша, банкке төленген комиссиялық төлемдер талапкердің пайдасына толықтай өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.