Батырлар күні мен Жеңіс күні жақындап келеді. Республиканың өзге шаһарларындай Өскеменде де қос мерекені лайықты дәрежеде атап өту бағдарламасы дайындалып, қалалық ішкі саясат шаралардың тізімін ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
5 мамырда сағат 10:00 уақытында Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған мерекелік іс-шара өткізіледі.
6 мамырда сағат 10:00-де сарбаздар Даңқ мемориалындағы Мәңгілік алауда кезекшілікке түседі. Дәл сол орында қала мектептерінің жас отрядтары шеру ұйымдастырады.
9 мамырда жылдағы дәстүр бойынша Жеңіс мерекесіне қатысты барлық іс-шаралар Даңқ мемориалында өтеді.
Сағат 10:00 кезінде «Өзен вокзалы» аялдамасынан Даңқ мемориалындағы Мәңгілік алауға дейін «Қаhарман ұлт – Бессмертный полк» атты шеру өткізіледі. Акцияға қатысушылар бір сағат бұрын ерте жиналу керек.
Сағат 11:00 кезінде Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою салтанаты болады.
Дәл осы уақытта «БИПЭК АВТО — АЗИЯ АВТО» компаниясының тобы қалалықтардың назарына тарихи әрі әскери техникаларды ұсынады. Қала тұрғындары мен қонақтары соғыс кезіндегі техникамен танысып қана қоймай, сарбаздардың ботқасынан дәм тата алады.
Сонымен бірге, Даңқ мемориалында жастар «Жеңіс рекорды» спорттық акциясына қатыса алады. Сондай-ақ, асфальтқа сурет салу байқауы ұйымдастырылып, концерт пен мерекелік жәрмеңке өткізіледі.
Сағат 12:00-де «Император» сауда кешенінде Достық үйі ұжымының, Дарья Шмаленко мен «Свободный стиль» тобының қатысуымен мерекелік концерт басталады. Сондай-ақ, сауда орталығының алаңында ретро-автокөліктердің көрмесі мен далада тамақтанудың әдістері көрсетіледі.
Сағат кешкі 18:00 шамасында Даңқ мемориалында «Бұл тірілер үшін керек» атты театрландырылған қойылым қойылады.
Сағат 20:00 уақытында Мәңгілік алау алдында «Алауды тұтат» атты дәстүрлі кеш өткізіледі.
Сағат 21:00 кезінде мереке отшашумен аяқталады.
Мейрамбек Қосажан