Өскемендегі «Даңқ полкі» шеруі қатарында 10 мыңнан аса өскемендік бірлесе жүріп өтті (фото)

542
көрілім

9 мамыр – Жеңіс күні Өскемен қаласында әдеттегідей Даңқ мемориалында тойланып жатыр. Сағат 10:00 уақытында жалпыхалықтық «Даңқ полкі» шеруімен басталған мереке Даңқ мемориалында ұласып, Ертіс пен Үлбі тоғысқан жағада әскери техникалардың көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ертістің жағасы бүгінгі күні ерекше салтанатты көрінеді. Мыңдаған өскемендіктердің иық тіресе жүрген шеруінің бас-аяғы шамамен жарты шақырымға созылған.

Шеруге қатысушылар майдангерлердің фотосуретін алып жүрді.

Бұл күні театрдың актерлары тірі ескерткішке айналып, өздеріне жиналған жұртшылықтың ерекше назарын аударды

Ертістегі кемелер Қазақстан Республикасының Туын желбіретіп, жиналған жұртшылықты құттықтауда

Сіздер аман болыңыздар, АРДАГЕРЛЕР!

Жиналған халықты облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.

Қымбатты ардагерлер! Құрметті шығысқазақстандықтар! Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қатал сынақ жылдарында өмірлерін аямай жаумен күрескен, еңбек еткен, Отан азаттығы, өз балаларының, немерелері мен шөберелерінің болашағы үшін майданға қолынан келгенше көмектескен адамдарға деген біздің алғысымызды көрсететін жалпыхалықтық мейрам. Облысымыздың қалалары мен аудандарынан майданға 170 мыңнан астам адам шақырылған болатын. Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын Шығыс Қазақстанның 109 жауынгері иеленді. Ұлы Отан соғысы жылдары алыстаған сайын әкелеріміз бен аталарымыздың мәңгілік ерліктері соғұрлым ерекше сезіледі, азаттықты қорғап қалған жауынгерлердің даңқы мен бауырлас халықтар достығының алып күші айқындала түседі. Бірліктің ұлы күші тек ұрыс даласында ғана көрініс тапқан жоқ. Жеңіс үшін теңдессіз ерлікті тыл еңбеккерлері де танытты. Біздің облыс майданмен тығыз байланыста болды, ондаған эвакуацияланған зауытты қабылдады. Сарбаздарды қару-жарақпен, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрі жасалды. Майдан даласында Отанымызды өмірін аямай қорғағандар алдында бас иеміз. Біз жүрегімізде жауынгерлер ерлігі, олардың Отанға деген махаббаттары мен антқа деген адалдықтары туралы естелікті сақтаймыз. Бейбітшілік үшін күрескен, тылда еңбек еткен, елді көтерген, Жеңіске сенген және күткен жандардың даңқы арты берсін! Мерекелеріңіз құтты болсын, қымбатты жерлестер! Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, бақыт пен береке тілеймін! – деп құттықтады Даниал Ахметов.

Әскери техникалардың көрмесіне қызығушылар мен сарбаз ботқасы үшін кезекте тұрғандар жетерлік

Аян Өрібаев