Жақында облыстық Драма театрында Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясы сахналанды. Жиылған өнер сүйер қауымның жанары жасқа толып, көңілдері босап қайтты. Қойылымның қоюшы режиссері – Бек Рамазан болған болатын.
«Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясының премьерасын тамашалау үшін облыстық Драма театрға жиылған жұрттың легі аз болған жоқ. Аты аталған қойылымда XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX басында ғұмыр кешкен қазақтың сал-серісі, хәм ақыны Ақан Қорамсаұлының өмірі суреттелді. Ақан сері халқымыздың ұғымында сөзі өткір, ойы алғыр көрнекті адам ретінде сақталғаны анық. Бұл трагедияда оның басына түскен қиыншылықтар мен Ақтоқты екеуінің бойындағы кәусәрдай таза махаббаттары бейнеленген. Сонымен қатар, Ақанның кішкентай кезінен бастап өнер жолындағы тыныс-тіршілігі шынайы көрініс тауыпты. Ол жас кезінде көбінесе махаббатты, сұлулықты жырласа, есейе келе ел мәселесін, замана тынысын тақырып еткен. Ақан серінің рөлін Ернат Мұхаметханов сомдаса, Ақтоқты болып Альмира Айтжанова ойнады.
– Идеясыз қойылым болмайды ғой. Бұл трагедияның негізгі ойы Ғабит Мүсіреповте жатыр. Оны көзбен көріп, жан дүниесімен шынайы сезінген жан ғана түсіне алады. Ал біз образдық шешімді іздейміз. Кеңес дәуірінен бері қойылып келе жатқан трагедияның сиясы кетпей, әлі күнге дейін жұрт назарына ұсынылып келе жатқаны, қойылымның терең мағыналығының айқын бейнесі, – дейді қоюшы режиссер Бек Рамазан.