Бұзақылардың ісі ме, әлде бейсауат көше кезгендердің қисық жүріп, қиқар мінез танытқандары ма? Ауа райының тосын мінезінен бойтасалап, жолаушылардың діттеген жеріне жету үшін қоғамдық көлікті алаңсыз күтуге арналған жылы аялдаманың астан-кестенін шығарған кімдер? Тұрғасын нәрсені «түзетпек» болғаны ма белгісіз, мән-жайды қала әкімдігінен біліп көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Жел соқса жаурай бастайды»
Жауапты тұлғалардың көмекшілері, әр бағыт бойынша болып жатқан жайттарды қадағалауына алатын мамандар бар. Солар іске кіріскен болар, әйтеуір әкімдік тарапы аталған мәселеден хабардар екен. Газет редакциясына хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз Өскемендегі Молдағұлова көшесі бойында орналасқан жылы аялдаманың жағдайын айтқан еді. Расымен-ақ кетеуі кетіп, іші қирап тұр екен. Қалалықтар жауын-шашын мен ұйтқи соққан желден қалқа іздеп, бой жылыту үшін есігі жұлынған аялдаманы паналауға еш асықпайды. «Не де болса қала басшылығы қалыпқа келтіріп берсе» дейді.
– Міне, балаларымыз автобус күтіп тұрғанда аялдаманың ығын сезінбей, жел соқса жаурай бастайды. Бірнеше күн бұрын ғана есігі жабылып, терезесі бүтін тұрған-тұғын, біреулер әп-сәтте қиратып кеткен көрінеді, – деді Гүлмарал Тоқтарханқызы (аты-жөні өзгертілген) аялдаманың іші-сыртын нұсқап. – Бұл бір келеңсіз жағдай, жасөспірімдер ме екен еріккен, әлде көшеде бейсауат жүрген кезбелер ме, әйтеуір, терезесін сындырып, есігін жұлып әкетіпті. Тұрған дүниенің астан-кестенін шығарып, қиратудың қажеті қанша еді?
Қала әкімідігі қалпына келтірмек
Иә, біз де дәл осы сұраққа жауап іздеп көрдік. Дегенмен жұрт қарасы сейіліп, ерсілі-қарсылы ағып өткен көліктерден қауіп жоғын күткендей, әлдекімдер осындай оспадарсыздыққа жол берген. Гүлмарал апайдың сөзінше, өткен жылы да белгісіз біреулердің әрекетінен нақ осы аялдаманың есік-терезесі жұлынған болатын. Сонда тап осы Молдағұлова көшесінде мұндай қияс қылыққа кімдер барып жүр?
– Күленов кентінде Молдағұлова көшесі бойындағы аялдаманың есігі жұлынып, іші қиратылған. Өскемен қаласы әкімдігінің «Таза Өскемен» мердігер ұйымы мен қалалық полиция департаменті тізе қосып, осы мәселені шешуді қолға алды. Алдағы уақытта қиратылған аялдаманы қала әкімдігіне қарасты «Таза Өскемен» мердігер ұйымы қалпына келтіретін болады, – деді қала әкімінің орынбасары Арман Искаков.
Осылай деген ол аталған аялдаманың 2016 жылы орнатылғандығын жеткізді. Аймақтағы біршама аудандарға, облыс орталығының өзіне қылаулап қар жауып, ызғарын ерте келгендей. Бауыр еті баласының қамы үшін аялдаманы қалпына келтірудің амалын іздеген ата-аналарды «жемес астан үміт қылды» дей алмаймыз. Себебі «олқылықтың орны толады» деп әкімдік өкілі мәлімдеді. Аз уақытта аялдама қалпына келтіріліп қалар деген сенімдеміз.
Жалпы, жылы аялдамалар қала көлемінде жаппай орнатылуда дей алмаймыз. Бәлкім, қала басшылығы мен құзырлы органдар жұмысты өзара ой алмасып барып қолға алатын болар. Айталық, биыл шаһар бойынша Н.Назарбаев даңғылындағы «Спорт сарайы» және Қ.Сәтпаев даңғылындағы «Мешіт» аялдамасына жылы аялдамалар, ал Есенберлин даңғылы, 6 және 46-шы орта мектеп аялдамасына бұрынғы үлгідегі аялдамалар орнатылған көрінеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ